Орталық Азия бірыңғай туристік аймаққа айналады
Осы арқылы өңірдегі мемлекеттер мол кіріске кенелуді көздеп отыр.
Бұл мәселе Самарқанда, Дүниежүзілік туризм ұйымының 25-ші сессиясында көтерілді. Әлемнің 130 мемлекетінен жиналған мамандар саладағы соны өзгерістер мен сын-қатерлерді талқылады.
Қазақстан мен Өзбекстан – іргелес жатқан, туыстық тұрғыда ең жақын мемлекеттер. Өткен тарих, мәдениет, тұрмыс-салт – бәрі бір-бірімен байланысып жатыр. Осы ұқсастықты аймақтық деңгейде ерекшелікке айналдырып, пайда табатын кез келді. Мұның бірден-бір жолы – туризм. Өзбекстанда аялдаған саяхатшы Қазақстанға, ал біздің елге келген мейман ала шапанды ағайынға бет бұруы тиіс.
Тимур Мирзаев, туризм бойынша сарапшы:
- Автобус және пойыздар арқылы елдеріміз арасында жолаушылар тасымалы жолға қойылуы керек. Саяхатшыларға жасыл дәліз жасау жайын қарастыруды ұсынамыз. Шекара маңында азаматтар цифрлық технологияларды қолдануға мүмкіндік алуы қажет. Такси қызметі қолжетімді болса, екі ел де барыс-келістен пайда табады.
Әлемде туризмі мықты дамыған мемлекеттер жыл сайын халқының санынан 5 есе көп саяхатшы қабылдайды. Мұндай үрдістен экономикаға түсер пайда көп. Әзірге Орталық Азиядағы бірде бір ел мұндай көрсеткішпен мақтана алмайды. Дегенмен тараптар соңғы жылдары саяхат турларын біріктіріп, барыс-келісті көбейтуге келісті. Соның арқасында пандемия кезінде тұралап қалған сала қайта күш ала бастады.
Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
- 2022 жылы туризм саласына 500 млрд теңге инвестиция түсті. 2019 жылдан бастап 450-дей жоба бар инвестициялық. Оның жалпы көлемі – 438 млрд теңге. Елімізге шетелден келген туристер саны 1 млнға жуық болған. Ішкі туристерді алсақ, 8,6 млн болды.
Кез келген инвестор үшін сол мемлекеттің тұрақтылығы ауадай қажет. Әлемдік туризмнің алпауыты саналатын Мальдив аралдары, Еуроодақ, Таиланд, Түркия, қала берді Қытай осындай ерекшелігімен саяхат саласын өркендеткен. Қазір цифрлық технологиялар да туризмді түлетуге сеп. Өткізу бекеттері, кеден және шекара ісіне енгізілген электронды жүйе тіркеу, тексеру қызметін жеңілдетіп отыр.
Дидар Ахмедин, IT-компания өкілі:
- Қазақстанның туризм саласында қордаланып қалған мәселелер бар. Әр өңір саланы өздігінше дамытуға мәжбүр. Орталық Азия деңгейінде интеграцияға кіріспес бұрын Қазақстанның саяхат бағыттарын бір платформаға жинау керек деп ойлаймын. Цифрлық шешімдерді қажет етіп тұрған тұстар да бар. Біз саланы дамытуға қолдау көрсетіп, IT бағытқа инвестиция құюға дайынбыз.
Туризм – қонақжайлық белгісі. Аймақтық деңгейде салыстырсақ, Өзбекстан ұлттық асханасын өзіндік брендке айналдырып үлгерді. Ал экотуризм, яғни табиғи парктерді таңдағандар Қазақстан мен Қырғызстанда көп аялдайды. Дегенмен біздегі басты мәселе – баға. Ел ішіндегі демалыстан кейде шет мемлекеттегі саяхат құны асып түседі.
Лэндри Чапчет, туризм бойынша сарапшы:
- Туризм саласында сапа болуы қажет. Оған қол жеткізу үшін нақтылы бір мақсатты белгілеп, соған қол жеткізуге бар күш-жігерді жұмсаған жөн. Қазақстанға келсек, саяхат түрлері алуан бағада болуы шарт. Орта деңгейдегі отбасылардың қалтасына салмақ салмайтын жолды таңдауды ұсынамын. Өйткені саяхатқа тек ауқаттылар шыға бермейді.
Жалпы Өзбекстанда өтіп жатқан Дүниежүзілік туризм ұйымының 25-ші сессиясы – ел имиджін арттыратын іс-шара. 130-ға тарта мемлекеттен жиналған мейман Самарқанда бірнеше күн аялдайды. Кейін бағытын көршілес елдерге де бұруы мүмкін.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Айта кетейік, Дүниежүзілік туризм ұйымы осы форумды 2009 жылы Қазақстанда өткізген. Ол кездегі жиын Астанада ұйымдастырылған еді. Сарапшылардың айтуынша, имидждік іс-шараға жұмсалған шығын көп ұзамай өтеледі. Ал 100-ге тарта мемлекет азаматтарына визасыз режим ұсынып отырған Өзбекстан мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Енді көршіміз 2 жылдан кейін туризм саласындағы әлемдік БАҚ өкілдерін тағы Самарқанда жинап, жаһандық медиа-кампус құрмақ. Оған белгілі тревел блогер, журналистер мүше бола алады.
Авторы: Рауан Мыңбаев.