Әлеуметтік желінің кері әсері
Әлеуметтік желіден бас алмайтын балалар мен жасөспірімдер арасында күйзеліс пен мазасыздық, цифрлық аутизм белгілері пайда болады.
Америкалық ғалымдар арнайы зерттеу жүргізіп, нәтижесін ПедиАтрикс журналында жариялады.
Әлем халқының 2 миллиардтан астамы - 5 пен 17 жас аралығындағы балалар. Оның 1 жарым миллиардқа жуығы әлеуметтік желіге тіркеліп үлгерген. Бұл ретте, балалар мен жасөспірімдер арасындағы ең танымал платформа – TikTok екенін айта кеткен жөн. Жасөспірімдердің 95%-ы интернетті күнде қолданады. Ал үштен бірі әлеуметтік желісіз өмір сүре алмайтын халге жеткен. Ғалымдардың айтуынша, бұл баланың психикалық және эмоциялық күйіне орасан зор нұқсан келтіреді.
Вивек Мурти, хирург /АҚШ/:
- Ата-аналар тарапынан "Әлеуметтік медиа менің балаларым үшін қауіпсіз бе?" деген сұрақ ең көп қойылады. Бұған "Әлеуметтік медианың балалар мен жасөспірімдер үшін қауіпсіз екендігіне дәлел өте аз" деп жауап берер едім. Интернет-платформаларды көп пайдалану баланың ұйқысына, ақпаратты жылдам қабылдауына және отбасымен, достарымен уақыт өткізуіне кері әсер етеді. Демек, шұғыл шаралар қабылдауымыз керек.
Халықаралық ғалымдар қауымдастығы тек ата-аналар емес, әр елдің Үкімет басшыларын да бұл мәселемен күресуге шақырады. Автомобильде балаға арналған орындықтың болуын міндеттеу сияқты әлеуметтік желілерді пайдалануға қатысты талаптар мен нормалар енгізуді ұсынды. Себебі, интернет-тәуелділікпен жалғыз күресу мүмкін емес.
Сэнди Чанг, Америкалық педиатрия академиясының президенті:
- Қазіргі балалар мен жасөспірімдер әлемді цифрлық технологиясыз қабылдай алмайды. Ссондықтан сандық технологияны «Балалардың психикалық дамуына кері әсер ете ме?» деген сұрақты ескере отырып, дамытқан абзал. Бізге онлайн кеңістікті жас ұрпақ үшін қауіпсіз етуге көмектесетін жаңа әдістер қажет.
Интернет тудырған тағы бір келеңсіз мәселе - балалар мен жасөспірімдер арасындағы кибербуллиң. Ғаламторда суреттер мен бейнежазбалар жариялау арқылы қорқыту, қорлау, бопсалау көбейген. ЮНИСЕФ-тің мәліметі бойынша, былтыр 300 миллионнан астам жеткіншек әлеуметтік желіде түрлі әлімжеттікке ұшыраған. Бұл шамамен әлемдегі 13 пен 17 жас аралығындағы балалардың 40 пайызы. Мамандар онлайн кеңістіктегі кесапаттың жолын кесу үшін ата-аналар мен ересектер балаға көбірек уақыт бөліп, бірге ойнап, тіпті бала сияқты ойлана білген дұрыс дейді.