Әлеуметтік желілер бала түгілі ересектерді күйзеліске ұшыратады
Әлеуметтік желілер бала түгілі ересектерді де күйзеліске ұшыратады.
АҚШ-та жүргізілген зерттеу қорытындысы осындай. Психолог мамандар кейінгі кезде адамдар арасында психикалық дағдарыс артқанын байқаған. Зерттей келе бұған әлеуметтік желілердің де әсері барын анықтаған.
АҚШ-тағы төрт университет бірлесіп жүргізген зерттеу пандемиямен күрес кезіндегі ересектердің мінез-құлқын анықтауға бағытталады. Ол үшін 56 жасқа дейінгі 5000-нан астам адам таңдалып алынады. Зерттеу тобының жетекшісі, психиатр Рой Перлистің айтуынша алдымен күйзеліске түспеген адамдар арасында әлеуметтік желіні қалай пайдалану жөнінде сауалнама жүргізіледі. Араға біраз уақыт салып желіні жиі қолданатын азаматтардың күйзеліске түсу ықтималдығын білу үшін сауалнаманы қайталап жүргізеді. Зерттеу авторларының айтуынша Facebook, TikTok және Snapchat сияқты платформаны пайдаланатын азаматтар бұл жолы өздерінің күйзеліске ұшырай бастағанын және оның қайталану ықтималдығы жоғары екенін ашып көрсеткен.
Рой Перлис, Массачусетс жалпы ауруханасы мен Гарвард медициналық мектебінің психиатрия жөніндегі профессоры:
«Балалар сияқты үлкен адамдар да ақпаратты басқаша қабылдап қалуы ықтимал. Үнемі сізден гөрі бақыттырақ көрінетін суреттер, сізге қарағанда жетістікке көбірек жеткен жандар, өмірі жақсырақ сияқты өзге адамдардың суреттері көптеген азаматқа жағымды әсер етеді деп айта алмаймыз. Үздіксіз теріс ақпаратты қарау да кері әсерін тигізеді. Әлеуметтік желі тоқтаусыз ағып жатқан суды мәжбүрлі түрде ішкенмен тең...»
Әлбетте бұл зерттеудің нәтижесі әлеуметтік медианың алаңдаушылыққа әкелетінін нақты дәлелдемейді. Дегенмен, соңғы жылдары АҚШ-та психикалық дағдарыстың өсіп келе жатқанын айғақтайды, дейді психиатрлар. Сауалнама бойынша мұндағы ересектердің үштен бірі жайсыз күйге жиі түсетінін хабарлаған. Америкалық психологиялық қауымдастық азаматтарға әлеуметтік желіге қанша уақыт бөлгеніңізді қадағалаған жөн кеңес береді. Өйткені бағдарламалар сізді виртуалды әлемде барынша ұзақ ұстауға тырысады. Оның арты әлеуметтік желіге шектен тыс байланып, лайк санап өзін жұбататын әдетке алып келеді.
Нұрбек Бекен