Қытайда әрбір бесінші тұрғын – қария
Қарты бар ел – қазыналы ел. Қытайда 2019 жылы алпысты алқымдағандар саны 254 миллион болса, 2040 жылы 400 миллионнан асады деген болжам бар.
Әрине, бұл – қуантарлық жағдай. Өйткені халықтың тұрмысы жақсарғанын білдіреді. Бірақ мамандар халықтың қартаюынан туындайтын қиындық та аз емес дейді.
Қытайда халық саны 1 миллиард 400 миллионнан асады. Соның 280 миллионы, демек әрбір бесінші тұрғын – алпысты алқымдаған қариялар. Ал 20 жылдан кейін шамамен әрбір үшінші тұрғын қарт кісі болады деген болжам бар. Сарапшылар бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан көп шаруа атқарылып жатқанын білдіреді дейді.
Джастин Коулсон, БҰҰ тұрғын халықтың қоныстануы саласындағы қорының Қытайдағы өкілі:
- Бұл адамдардың өмір сүру ұзақтығы ұлғайғанын білдіреді. Демек Қытайда денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамтамасыз ету жағынан ілгерілеу бар деген сөз.
Бірақ сарапшылар халықтың қартаюы экономикаға қосымша салмақ салатынын да айта кету керек дейді. Өйткені еңбекке жарамды адамдар саны азаяды. Тиісінше қазынаға түсетін салық кемиді. Ал зейнетқыға кететін төлемдер керісінше көбейеді. Жұмыс күшінің тапшылығы туындайды.
Би Синьюэ, Шэньян спорт университетінің түлегі:
- Оқуымды аяқтағаннан кейін әлі күнге дейін жұмыс таба алмай жүрмін. Бірнеше ұсыныс болды. Алайда көңілімнен шықпады. Өйткені жалақысы аз.
Халықтың қартаюымен қатар шығысымыздағы көрші елде бала туу көрсеткішінің төмендеуі де байқалады. Сарапшылар бұл «Бір отбасы – бір бала» саясатының әсері дейді. Оның алынып тасталғанына бірнеше жыл болды. Алайда демографиялық ахуал жақсармай отыр. Бұған экономикалық қиындықтар себеп. Жастар арасында баланы бағып-қағуға көп ақша кетеді деген түсінік кеңінен тараған. Бүгінде ол тек Қытай ғана емес, Жапония, сондай-ақ Еуропаның көп елі үшін өзекті мәселеге айналып отыр.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.