Прокурорлар Meta компаниясын сотқа берді

АҚШ-тың 33 шататы Instagram мен Facebook-тің иесі Meta компаниясын сотқа берді.

Ұжымдық арыз жазған тарап аталған әлеуметтік желілер жасөспірімдерді өзіне еріксіз тәуелді етіп, психикасын құртып жатыр деп айыптады. Сот технологиялық алпауытты кінәлі деп тапса, миллиардтаған доллар айыппұл төлеуі мүмкін.

Нұрбек Бекен, тілші:

- 33 штаттың бас прокурорлары ұжымдық талап арызын Калифорниядағы федералдық сотқа өткізген. Себебі Meta-ның штаб пәтері осы жерде орналасқан. Негізгі тағып отырған айыбы, компания әлеуметтік желілерінде әсіресе Instagram-да әдейі балаларды өзіне тәуелді етіп қоятын тәсілдерді пайдаланып отыр. «Meta жасөспірімдерді өзіне баурау, еліту, ақырында тұзаққа түсіру үшін қуатты және теңдесі жоқ технологияны қолданды. Басты көздегендері – пайда табу», делінген шағымда. Бұл балалар арасында депрессия, үрей, ұйқысыздық, білімге деген немқұрайлық, өз өзіне қол жұмсауға бейімділік секілді психологиялық салдарларға әкелген.

Роб Бонта, Калифорния штатының бас прокуроры:

- Біз Meta, Facebook, Instagram және басқа да танымал платформалардың бас компаниясын федералдық және штаттық заңдарды бұзғаны үшін сотқа береміз. Ол – балалардың онлайн құпиялығын қорғау туралы федералды заң, әділетсіз бәсекелестік және Калифорниядағы жалған жарнама туралы заң.

Мэтт Платкин, Нью-Джерси штатының бас прокуроры:

- Meta компаниясы және оның бас директоры Марк Цукерберг құйтырқы тәжірибесімен жастарымызға жылдар бойы келтірген зияны үшін жауап беруі тиіс. Шағымда көрсетілген ақпараттардың көбі құпия болғандықтан, оны әзірге жария ете алмаймыз. Бірақ ата-ана ретінде оқып отырып жағамды ұстадым. Жасөспірімдер өзіне қол жұмсау және зиян келтіру, тұқырту, қысым көрсету, бұзақылық пен мазақ ету мазмұнындағы зиянды контенттерден зардап шегіп жатыр.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Алайда Meta өз платформаларының балалардың жүйке жүйесіне зиян тигізетінін біле тұра, жасырып келген. Тіпті жұртшылықты адастыратын мәлімдемелер жасаған. Сондықтан талап арыз берушілер компания 2 бірдей заңды өрескел бұзды деп санайды. Оның ішінде ата-аналардың рұқсатынсыз 13 жасқа дейінгі балалардың деректерін жинап, оларды жарнама берушілердің насанына айналдырған. Алпауыт компанияға қарсы шағым түсушілердің қатары 33 штатпен шектелмейтін секілді. Тағы 8 өңір, соның ішінде Вашингтон да талап арыздарын өткізбек. Егер сот шағымдарды қанағаттандырса, Meta қомақты айыппұл төлеуі мүмкін.

Авторы: Нұрбек Бекен.