Әлемде босқындар мәселесі күрделеніп барады
Әлемде үй-жайын тастап босып жүргендер саны артып барады.
Қазір ондай 114 миллион адам бар. Бұған геосаяси ахуал мен гуманитарлық дағдарыс себеп. Ол аздай климаттың өзгеруінен түрлі табиғи апаттар жиілеп, біраз адамның қоныс аударуына түрткі болды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттерде заңсыз мигранттар саны рекордтық межеге жеткен. Мысалы, Испанияның бір ғана Канар аралдарына күн сайын мыңдаған адам қайықпен келіп жатыр.
Негізі заңсыз көші-қоннан Испания, Германия мен Франция секілді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдер зардап шегіп келеді. Бірақ бар ауыртпалық табысы төмен не орташа мемлекеттерге түсіп отыр. Өйткені әлемде босып жүргендердің 75%-ін солар қабылдаған.
Заңсыз көші-қонмен күрес
Германия көші-қон ережелерін қатаңдатады. Енді баспана берілмеген жағдайда шетелдікті депортациялау кезінде полицияның құзыреті кеңейеді. Оларды қамауда ұстау мерзімі 10 күннен 28 күнге дейін өзгереді. Бұдан бөлек мигранттарды заңсыз тасымалдаумен айналысқан қаскөйлерге қатысты да жаза қатаңдайды. Билік осы шаралардың арқасында көші-қон дағдарысын шешпек. Өйткені бір ғана қыркүйек айында Германияға 21 мыңнан аса адам заңсыз өткен. Бұл – кейінгі 7 жылда тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Сондықтан бірер күн бұрын неміс елі Швейцария, Польша мен Чехия шекарасындағы бақылауды күшейтті. Заңсыз миграцияға билікпен қатар тұрғындар да алаңдаулы. Қазір халық арасында «Германия үшін балама» партиясының танымалдығы артып келеді. Олар көші-қон мәселесіне қатысты қатаң саясат ұстанады.
Нэнси Фазер, Германияның Ішкі істер министрі:
- Биыл депортацияланғандар саны өткен жылмен салыстырғанда, 27%-ке көп. Дегенмен алда атқарылатын шаруа жетіп артылады. Сондықтан заңсыз көші-қонмен күресті күшейте беруіміз керек. Бұл ретте контрабандашылардың жолын кесу жағына көп көңіл бөлінуі тиіс.
Канар аралдарында мигранттар көбейіп барады
Заңсыз көші-қоннан зардап шегіп отырған Германия ғана емес. Бұл Испанияның да бас ауруына айналды. Әсіресе Канар аралдарындағы ахуал алаңдатарлық. Мұнда жыл басынан бері 24 мыңдай адам заңсыз жолмен жеткен. Бұл былтырғымен салыстырғанда 90%-ке көп. Әсіресе осы айда миграттар нөпірі тіптен күшейді. Күн сайын мыңдаған адам келіп жатыр. Канар аралдары – Испания иелігіндегі аумақ. Солтүстік-батыс Африкаға жақын орналасқан. Сондықтан құрлықтан Еуропаға бет алған босқындар әдетте ең алдымен осында табан тірейді. Жағдайға қарай билік кейбірін депортацияласа, басқаларын Испанияның құрлық жағына жібереді.
Ванесса Торрес, волонтёр:
- Әрине, мигранттардың заңсыз жолмен келіп жатқаны дұрыс емес. Бірақ біз олардың жағдайына түсіністік танытуымыз керек. Келіп жатқан азаматтардың арасында заңды дұрыс білмейтіні көп. Соның салдарынан олар дер кезінде тіркеуге тұрмай жатады.
АҚШ-қа ағылған мигрант көп
АҚШ-та да мәселе күрделі. Кейінгі бір жылда оңтүстік шекара арқылы елге өтпек болған мигранттар саны 3 миллионнан асқан. Статистика жүргізіліп келе жатқан кезеңде мұндай рекордтық көрсеткіш алғаш рет тіркеліп отыр. Бір ғана қыркүйек айында 340 мыңнан аса адам қолға түскен. Өкініштісі, арасында қауіпті жолға ата-анасынсыз жалғыз шыққан балалар көп.