Қазақстанның сот жүйесіне жоғары баға берілді
Қазақстанның сот жүйесінде қолданылатын заманауй IT технологиялар өзгелерден көш ілгері.
Буэнос-Айресте өткен «Халықаралық сот қауымдастығының» кезекті жиынында әлемдік қазылар қауымы осындай баға берді. Бұл ұйымға 100-ден астам мемлекет мүше.
Осы жиында Қазақстан сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров Халықаралық Сот әкімшілігі қауымдастығының вице-президенті болып сайланды.
Қазақстан - 2016 жылдан бері Сот әкімшілігі жөніндегі халықаралық қауымдастықтың белсенді мүшесі. Жаһандық ұйым жұмысы сот менеджментін дамытуға бағытталған. Жыл сайын бағдарлама аясында үздік тәжірибелер анықталады. Буэнос-Айресте өткен конференцияда шетелдік сот алқасының тарапынан Қазақстанда жүргізіліп жатқан сот реформасы жоғары бағаланды. Бүгінгі таңда еліміздегі өтініштердің 95%-ы электрондық форматта келіп түседі. Нәтижесінде сот төрелігінің сапасы артып, азаматтар үшін ашықтық пен қолжетімділік пайда болды. Серверлердің жұмысы, ұйым мүшелерінің пікірінше, көп елмен салыстырғанда, әлдеқайда алда. Ал Қазақстан сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзәкіров Қауымдастықтың вице-президенті болып сайланды.
Наиль Ахметзәкіров, ҚР Сот әкімшілігінің басшысы, IACA вице-президенті:
- Біз бағдарламалық өнімдерді енгізудегі тәжірибемізбен, ауқымды сараптамалық деректерді жасаудағы тәжірибемізбен бөлістік. Осы бағыттар бойынша әріптестерімізбен қоян қолтық жұмыс істеп, қауымдастық шеңберінде ынтамақтастықты арттыруға күш саламыз.
Елдегі әкімшілік соттылықты іске асыру да ұйым мүшелерінің қызығушылығын тудырды. Яғни, азаматтық процестің тараптары тұрғылықты жері бойынша емес, елдің кез келген аймағында отырып қатыса алады. Ал судьяны роботтық бағдарлама таңдайды. Өткен жылдан бастап енгізілген, Қазақстанның сот жүйесіндегі жасанды интеллект жұмысы - реформаның жемісі дейді Қауымдастық президенті Луис Пальма.
Луис Пальма, Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының президенті:
- Сот әкімшілігінің қазақстандық моделі біздің ұйымның ерекше назарына ілікті. Тәуелсіз құрылымды құру мен халықтың өтінішін жылдам реттеу тәжірибесі, тәуелсіз сотты нығайтудың үздік көрінісі дер едім.
Форумда Қазақстан делегациясы Халықаралық сот қауымдастығына жаңа технологияларды игере отырып, сот төрелігін тиімді әрі жүйелі жүргізуге жәрдемсетінін жеткізді.
Авторлары: Фариза Жанғанаева, Сымбат Ғалымжан, Хорхе Гарсиа