Израиль ХАМАС-қа қарсы әскери операцияны тоқтатпайтынын мәлімдеді

Таяу Шығыста Израиль мен ХАМАС қозғалысы арасында қарулы қақтығыс жалғасып жатыр.

Израиль Газадағы әскери операциясының үшінші кезеңін бастағанын мәлімдеді. БҰҰ өңірде гуманитарлық ахуал шиеленіскенін алға тартып, тараптарды дереу атысты тоқтауға шақырып жатыр. 

Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстың басталғанына үш аптадан асты. Кеше Израиль Газа секторына қосымша күштерін аттандырып, ХАМАС-қа қарсы операциясының ауқымын кеңейтті. Қазір өңірдің солтүстігінде кескілескен шайқас жүріп жатыр. Израиль секторға ішкерілей енуге күш салып жатқанын, ал ХАМАС шабуылдардың бетін қайтарғанын мәлімдеп отыр. Осы уақытқа дейін Израиль 315 сарбазынан айырылса, ХАМАС-тың шығыны беймәлім. 

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Операцияның бірінші кезеңі аяқталды. Екіншісі нысандарға әуеден соққы беру. Ол қазір жалғасып жатыр. Сонымен қатар, ЦАХАЛ операцияның үшінші бөлігіне яғни Газадағы құрлықтық іс-қимылдар ауқымын кеңейтуге де кірісті.

Ливан

Гази Хамад, Хамас қозғалысының ресми өкілі:

Газа секторына ену үшін солтүстік пен шығыстан көп шабуыл жасалды. Израиль күштері өңірге теңіз жағынан да кіруге талпынды. Бірақ олардың бұл әрекеттері сәтсіз аяқталып, Газа аумағына кіре алмады. 

Бірақ әскери қимылдардан Газада қаза болған бейбіт тұрғындардың саны күн сайын артуда. Дерекке сүйенсек, Израиль соққыларынан өңірде 8 мыңнан аса адам көз жұмып, 21 мыңнан астамы жарақат алды. Азық-түлік пен ауыз су жетіспей гуманитарлық ахуал шиеленіскен. Соғыс басталғалы аймаққа Мысыр жақтан гуманитарлық жүкпен 130 көлік кірді. Бірақ Халықаралық ұйымдар бұл мүлдем жеткіліксіз дейді.

Египет

Рик Бреннан, ДДСҰ-ның төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық директоры:

- Бұл үлкен апат. Аймақта ауруханалардың көбі жабылып халыққа медициналық көмек көрсету шектелген. Қақтығысқа дейін Газа әлем бойынша халқы ең тығыз орналасқан өңір болды. Қазір 2,2 миллион тұрғынның 1 миллион 400 мыңы баспанасын тастап бас сауғалауға мәжбүр.

БҰҰ-да Израильді әскери операцияны тоқтатуға шықырып отыр. Кеше Біріккен Араб Әмірліктерінің ұсынысымен Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бұл ұйымның аймақтағы ахуалды осымен бесінші мәрте талқылауы.   

Лана Заки Нусейба, Біріккен араб әмірліктерінің БҰҰ-дағы елшісі:

- Өткен жұма күні 121 мемлекеттің басым бөлігі Газадағы атысты тоқтатып, гуманитарлық үзіліс жариялауға шақыратын қарар қабылдады. Кездесуде 2,2 миллион палестиналықтың ХАМАСҚА қатысы жоқ бейбіт тұрғындар екені айтылды. Енді құжатта көтерілген мәселелерді жылдам жүзеге асыруға күш салуымыз қажет. 

Алайда халықаралық ұйымдардың үндеуіне қарамастан Израиль ХАМАС-тың әкімшілік және әскери әлеуетін жойып, тұтқындағыларды құтқармайынша әскери операцияны тоқтатпайтынын жеткізді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Атысты тоқтату ХАМАСҚ-қа, лаңкестікке тізе бүгумен бірдей. Біз мұндайға келіспейміз. Керісінше, өркениетті елдерді бізді қолдауға шақырамын. Егер ХАМАС жеңсе сіздер келесі нысанаға айналасыздар.

Ал БҰҰ Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығысқа аймақтағы Ливан, Сирия тартылып, үлкен соғысқа әкеле ме деп алаңдап отыр. Қазірдің өзінде Ливандағы Хезболла тобы Израиль аумағын зымыранмен атқылап, Израиль олардың нысандарына соққы беруде. Сириядағы әуежай мен басқа да нысандарды бомбалады.

Дәурен Ақашұлы