Рим Папасы Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтатуға шақырды

Рим Папасы Франциск Израиль мен ХАМАС-ты Газа секторындағы атысты тоқтатып, аймаққа гуманитарлық көмек көрсетуге жағдай жасауға шақырды.

Ол сондай-ақ қозғалыстан тұтқынға алған израильдіктерді дереу босатуды сұрады. Рим-католик шіркеуінің басшысы жалпы аймақтағы ахуалды тұрақтандыру үшін Палестина мемлекетін құру қажет дейді.

Газа секторында қарулы қақтығыс қазанның 7-сінен жалғасып келеді. Израиль күштерінің соққыларынан қаза болған палестиналықтардың саны 10 мыңға жуықтаған. Тағы 30 мыңнан аса адам жараланған. БҰҰ өңірде гуманитарлық ахуал қатты нашарлағанын мәлімдеп, тараптарды соғысты дереу тоқтатуға шақырып отыр.