ШЫҰ кеңістігінде 69 лаңкестік әрекеттің жолы кесілді
Шанхай ынтымақтастығы ұйымының кеңістігінде кейінгі бір жылда 69 лаңкестік әрекеттің жолы кесілді.
Қауіпсіздік органдары 70-тен аса террорлық құрылым ұяшығын анықтап, 450 адамды қамауға алған. Бұл жайында Ташкентте өтіп жатқан аймақтық лаңкестікке қарсы бірлестіктің ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтылды.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Лаңкестікке қарсы аймақтық құрылым зұлым күш аталып кеткен терроризм мен экстремизмді жою бағытында былтыр біраз іске бастамашылық етті. Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің жауапты органдары 69 теракттіні болдырмай, сепаратистік және экстремистік сипаттағы 90-нан аса қылмыстың жолын кесті. Қазір 500-ге тарта адам қамауда отыр. Арнайы операция кезінде қаза тапқандары да жетерлік. «Көп жағдайда олар сыртқы күштер есебінен қаржыландырылып келген, - дейді мамандар. Шетелдік лаңкес деп танылған және заңсыз миграцияны іске асыруға көмектескендер түгел жауапқа тартылып жатыр.
Руслан Мирзаев, ШЫҰ лаңкестікке қарсы аймақтық құрылымы атқару комитетінің директоры:
- Шанхай ынтымақтастығы ұйымы елдерінің арнайы органдары арасындағы бірлескен жұмыстың арқасында террорлық 73 құрылымның ұяшығы жойылды. Қаншама терактіге тосқауыл қойылды. 131 мыңнан астам қаржыландыру көзі де дер кезінде жабылды. Бізге жақын аумақтардағы террорлық құрылымдардан тағы қауіп төніп тұр. Олар қайта бас көтере бастаған.
Лаңкестермен күрес нәтижелі болғанымен, оның қайта пайда болу қаупі жоғары. Терроризмге қарсы құрылым жетекшілері азық-түлік қауіпсіздігі күрделене түскен сайын ахуал қиындайтынын алға тартып отыр. Себебі экстремистік құрылымдар әлеуметтік жағдайы төмен жандарды құрығына түсіреді. Ал Біріккен ұлттар ұйымының дерегінше, әлемде азық-түлік жетіспеушілігіне тап болғандар саны 258 млнға жеткен. 2017 жылы көрсеткіш 155 млн еді. Демек жыл сайын қатары 20 процентке толығып отырған.
Нұрлан Ермекбаев, ШЫҰ бас хатшысының орынбасары:
- Деструктивті күштер осындай жағдайда бұрыннан белсенді жағдайда жұмысты жүргізе бастады. Жалпы айтқанда мұндай әлеуметтік, гуманитарлық мәселелер болсын бәрі қауіпсіздікке теріс ықпалын тигізе береді.
Кез келген әлеуметтік һәм экономикалық проблемалардың астарында лаңкестік қауіп-қатер жатыр. Халықаралық конференция қатысушылары осындай пікірде. Сондықтан Шанхай тоғыздығы және бақылаушы мемлекеттер тек қауіпсіздік емес, барлық саладағы ынтымақтастыққа баса көңіл бөлгенді жөн санайды. Бірінші кезекте трансшекаралық саудаға кедергі келтірмей, тасымал тізбегін қайта қалпына келтіру маңызды. Одан бөлек, лаңкестермен күреске қабілетті кадрлық әлеуетті әзірлеу күн тәртібінен түспей тұр. Бұл бағытта мемлекеттер тәжірибе алмасып, оқу бағдарламасына өзгерістер енгізбек. Бұл ретте, конференцияға Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік саласына мамандар әзірлейтін академия басшылығы да қатысып отыр.
Авторы: Рауан Мыңбаев