Қазақ-әзербайжан теңізшілері бірлескен жаттығу өткізді
Бакуде Қазақстан мен Әзербайжанның әскери теңіз күштері бірлескен оқу-жаттығу өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бауырлас мемлекеттердің жауынгерлік кемелері мен қарулы құрылымдары террорлық топ бекінген аралды азат ету, азаматтық су көлігі экипажын кепілдіктен босату секілді бірқатар тапсырманы сәтті орындады. Жаттығудың өту барысын қос мемлекеттің қорғаныс министрлері бақылап, қорытындысына жоғары баға берді.
Жаттығу сценарийі бойынша Боюк Зире аралын лаңкестер басып алды. Арал Бакуге жақын орналасқан. Бауырлас мемлекетке төнген қатердің бетін қайтару қазақстандық әскери сүңгуірлердің әрекетімен басталды. Жауынгерлер жағаға дыбыссыз жақындап, қарауыл бекеттерін жойды. Бұдан соң аралға моторлы қайық тізгіндеген десанттық-шабуылдаушы топ басып кірді. «Бізге берілген тапсырма өте күрделі болды. Сәтті орындап шықтық. Осындай жаттығудың ұрыс тәжірибемізді арттыратыны сөзсіз», - дейді барлаушы Эльзарбек Сүлейменов.
Эльзарбек Сүлейменов, барлаушылар бөлімшесінің командирі:
- Өзіме көптеген тәжірибе алдым. Яғни, сол жерде бөлімшені басқаруды және маневр жасау түрлерін, атыс жүргізу тәсілдерін үйрендім. Бұл менің болашақта әскери өміріне өте жоғары пайдасы тиеді деген ойдамын.
Аралды қоршаған соң әскерилер брондалған техникалардың қолдауымен шабуылға шықты. Қарсылас жасырынған ғимараттарға тікұшақпен десант түсірілді. Бір мезетте Каспийде қос елдің әскери кемелері сап түзеп, әуе және құрлықтағы нысананы көздеді. Азаматтық кеме экипажын құтқарып, зардап шеккен кемені портқа сүйреп апарды. Бірлескен жаттығуға Қазақстаннан «Сарыарқа», «Орал» зымыранды-артиллериялық корабльдері және «Жайық» гидрографиялық су көлігі қатысты.
Шахрух Әбдіразақов, «Орал» зымыранды-артиллериялық кемесінің командирі:
- Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту. Әскери теңіз күштерінің кәсіби шеберлігін шыңдау. Ортақ тапсырмалар мен міндеттерді шешудегі іс-қимылдардың өзара үйлесімділігі мен әрекеттесу деңгейін арттыру болып табылады.
Осылайша, Қазақстан мен Әзербайжанның әскери теңізшілері қауіп төнген жағдайда терроршыларды жою, ұрыс жағдайында соғыс техникалары мен кемелердің іс-әрекетін үйлестіруді пысықтады. Тоқтала кететін жайт, тактикалық жаттығуға Иран Ислам республикасы қарулы күштерінің делегациясы бақылаушы ретінде қатысты.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.