Орталық Азиядағы мұздықтар жылдам ери бастады
Орталық Азиядағы мұздықтар жылдам еріп жатыр. Кейінгі 50 жылда олардың аумағы 30%-ке қысқарған.
Бұл – өте өзекті мәселе. Өйткені біздің аймақтағы үлкен өзендердің 70%-і бастауын осы мұздықтардан алады. Еліміз 2026 жылы Орталық Азияның экожүйесін қорғауға назар аударту үшін климат саммитін өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жайттар Парижде полюстер мен мұздықтардың тағдырына қатысты өткен ғаламдық саммитте айтылды. Франциядағы бұл жиында Қазақстанның мұздықтарды сақтауға бағытталған жұмыстары жөнінде Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Зүлфия Сүлейменова баяндады.
Жалпы ғалымдардың айтуынша, полярлы аймақтарда әлемнің өзге елдеріне қарағанда жылу қарқыны өте жылдам. Арктикада 4, Антарктидада 2 есе тез еріп жатыр.
Зүлфия Сүлейменова, ҚР Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі:
- Саммиттте мұздықтарды сақтауға қатысты түрлі мәселелер талқыланды. Ғалымдар үкімет тарапынан нақты шараларды күшейтуге шақырды. Қазіргі таңда криосфераны зерттеу – өте маңызды мәселенің бірі. Қазақстанның ерекше экожүйені зерттеу бойынша көптеген жұмыс атқарып, елеулі үлес қосып жатқанын атап өту керек.