Таяу Шығыстағы текетірес туризмді тұралатты
Жаһандық туризм пандемиядан кейін толықтай қалпына келді.
Қазір ары-бері саяхаттаған демалушы көп. Саланың табысы да өсті. Десе де сектордың дамуына тұсау болып отырған мәселе де жоқ емес.
Жаһандық жылыну салдарынан қазір орман өрті, аптап ыстық секілді табиғат апаттары жиілегені рас. Бұл фактор демалушылардың ел аралауына кедергі. Туризмнің дамуын геосаяси ахуал да тежеп отыр. Мысалы, Таяу Шығыстағы шиеленіс кесірінен бірнеше мемлекетте сектордан түсетін табыс азая бастады.
Түйткілі таусылмаған туризм
Биыл жазда Еуропада қатты ыстық болды. Әсіресе Испания, Италия мен Грекия секілді туристер арасында танымал бағыттарда рекордтық температура тіркелді. Болашақта мұндай жағдай жиілей береді, - дейді сарапшылар. Сондықтан келешекте кәрі құрлықта демалуды жоспарланғандар бағытын өзгертуі мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. Климаттың өзгеруінен бөлек, саланың дамуына жаһанды жайлаған қымбатшылық та әсер етті. Бұдан бөлек, геосаяси ахуал тағы бар. Туризмдегі көрсеткіштер пандемияға дейінгі деңгейге жетіп қалғаны белгілі. Ал биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша Таяу Шығыста ол көрсеткіштер тіпті асып кеткен екен. Бірақ Израиль мен Палестина арасындағы ахуалдың ушығынан жағдай өзгеріп барады. Мысалы, Египет қонақ үйлерде брондау саны 10%-ке азайған. Америкалық «S&P Global» медиахолдингінің есептеуінше, бұдан туризм секторының табысы 30%-ке дейін қысқаруы мүмкін. Мысыр экономикасына саладан көп пайда түседі. Мысалы, биылдық табыс 13 миллиард долларға бағаланып отыр. Сондықтан билік туристерді жоғалтпау үшін әуе компанияларын ынталандыру бағдарамасын қолға алды. Бұдан бөлек, шетелдік саяхатшыларды қызықтыру үшін Үлкен Егпиет мұражайын тезірек ашу жоспарланып отыр. Сонымен қоса Гиза пирамидалары төңірегіндегі аумақтарды абаттандыру-көркейту жұмыстары жалғасып жатыр.
Ахмед Исса, Египеттің Туризм министрі:
- Желтоқсанның екінші жартысына брондау саны азайды. Бірақ біздің демалыс орындарымыз қарулы қақтығыс жүріп жатқан өңірден алшақ екенін айтқым келеді. Мұны өзгелер де түсініп жатқан сияқты. Өйткені келер жылдың алғашқы айларына брондау саны аз емес. Біз саяхатшыларды көптеп тарту үшін әуе компанияларына қосымша ақша төлеу секілді ынталандыру бағдарламасын іске қостық. Үлкен Египет мұражайын ашу бойынша дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Аудиогидтерді іске қосамыз. Күніне 200 жәдігерден орнатып жатырмыз. Ресми ашылу салтанаты келер жылдың ақпан мен мамыры айларының аралығына жоспарланған.
Туризмді тұралатқан текетірес
Таяу Шығыстағы ахуалдан тек Мысыр емес, өңірдегі өзге елдердің де туризмі зардап шегіп отыр. Ливанда сырттан келетін валютаның 26%-і туризмнің үлесінде.
Енді саланың табысы азайса, ел экономикасы жалпы ішкі өнімнің 10%-іне тең ақшадан қағылатын түрі бар. Қазірдің өзінде мұнда немістің Люфтганза мен Еуровингс, Швейцарияның Свисс Эйр әуе компаниялары сапарларын уақытша тоқтатқан. Ал Иерусалимде бұрынғыдай көшеде жүрген кісі қарасы қалың емес. Дүкендерің көбі жабық тұр. Ал ашық тұрған сауда орындарының өзінде бірен-саран адамның ғана жүгренін байқауға болады.
Рида Абдин, кәдесый сататын дүкен иесі:
- Шиеленіс басталғалы жағдайымыз күрт өзгеріп кетті. Бізде сауда жасайтындар – негізінен туристер. Бірақ қазір демалушылар жоқ. Тиісінше табыс та түсіп жатқан жоқ.
Таяу Шығыстағы шиеленістің қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз. Бұл Израиль мен Палестинадағы фирмалардан бөлек, шетелдік компаниялар үшін де зор шығын. Туристік операторлардың біразы жыл соңына дейін Израиль мен Палестина аумағына жоспарланған турлардан бас тартты. Кейбіреулері тіпті келер жылдың 31 наурызына дейін сапарларын тоқтатқан. Десе де Египет пен Иорданияға турлары жалғаса береді. Бірақ клиенттеріне оларды кейінге қалдыруға не басқа бағытқа алмастыруға ұсыныс жасалған.
Испанияның «Форуард Киис» сараптамалық компаниясының есептеуінше, Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты биыл төртінші тоқсанда жаһандық әуе тасымал саны 7%-ке азаюы мүмкін.