Еуроодақ Газа секторында гуманитарлық үзіліс жариялауға шақырды
Еуропалық Одақ Израиль мен ХАМАС-ты Газа секторында атысты тоқтатып, гуманитарлық үзіліс жариялауға шақырды.
Бұл туралы ұйымның Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде ортақ аймақтың дипломатия басшысы Жозеп Боррель мәлімдеді. Жоғарғы комиссар, сондай-ақ Израиль тарапын барынша ұстамдылық танытуға шақырды.
Жозеп Боррель, ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы комиссары:
- Біз Газа секторында шұғыл түрде гуманитарлық үзіліс жариялауға шақырамыз. Осы мақсатта гуманитарлық дәліздер құру қажет. Ал шара үзбей жүзеге асырылуға тиіс. Біз ХАМАС-тың ауруханаларды өздерінің нысандарын жасыру үшін пайдалануын айыптаймыз. Бірақ Израиль бейбіт тұрғындардың жапа шегуін болдырмас үшін барынша ұстамдылық танытуы керек.
Георгиос Герапетритис, Грекия сыртқы істер министрі:
- Газа секторына гуманитарлық дәліздер құрып, халыққа көмек жеткізу үшін үзіліс жариялайтын уақыт келді. Аймақта әскери қимылдардан жапа шеккен тұрғындарға дереу көмек көрсетілуі қажет.
Хосе Альбарес Буэно, Испания сыртқы істер министрі:
- Мен гуманитарлық көмек көрсету үшін атысты тоқтатуға шақырамын. Екі мемлекет құрып, Палестина елін тану үшін халықаралық конференция өткізуді ұсынамын.