Өзбекстанда БҰҰ-ның шөлейттену мәселесіне арналған отырысы өтіп жатыр

Жыл сайын әлемде 100 млн га жер жарамсыз күйге енеді.

Жағдайды жақсарту үшін Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдер 2030 жылға дейін 1,5 млрд га алқапты қайта қалпына келтіруге ниетті. Мұндай жоспарды Шөлейттенумен күрес конвенциясының атқарушы хатшылығы жариялады. Өзбекстанда ұйымның осы мәселеге арналған арнайы сессиясы өтіп жатыр.

Шөлейттенумен күрес жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенциясы – әлем елдері мойындаған негізгі құжаттың бірі. Оны Орталық Азияда алғаш болып Қазақстан мен Өзбекстан мақұлдаған. Қос мемлекет өткен ғасырдан бері Арал қасіретімен арпалысып келеді.

Әзиз Әбдухакимов, Өзбекстанның Экология, қоршаған орта және климаттық өзгеріс министрі:

- Шөлейттену жөніндегі комитет отырысының Өзбекстанда өтуі бекер емес. Біздің мемлекет және Орталық Азиядағы көршілеріміз жарамсыз болып қалған жердің зардабын тартып отыр. Құрғақшылықтың дендеуі және құмды, шаңды дауылдар ауыл шаруашылығына кері әсер етіп жатыр.

Қазір құрғаған теңіз атырабынан тұз аралас шаңды-дауылдың көтерілуіне біршама бөгет жасалған. Миллиондаған гектар алқапқа егілген сексеуіл бұған өз септігін тигізді. Мұндай тәжірибе бүкіл әлемге үлгі болып отыр. Сондықтан Біріккен ұлттар ұйымы әлемдік деңгейде 1,5 млрд га жерді қайта қалпына келтіру жобасын бастады.

Ибрагим Тиау, БҰҰ Шөлейттенумен күрес конвенциясының атқарушы хатшысы:

- Бүкіл әлемде құрғақшылық, дала өрттері және жаһандық жылыну деңгейінің күрт артқанын байқап отырмыз. 2015 жылдан бастап шамамен 4 млн шаршы шақырым шұрайлы жер жарамсыз болып қалды. Бұл – Орталық Азияның территориясымен бірдей аумақ. Жыл сайынғы шығын шамамен 100 млн гектарды құрайды.

Сондықтан тозған жерді қайта қалпына келтіру ісі маңызды. Мамандар осы бағытта күш біріктіріп, 2030 жылға дейін ахуалды жақсартуды көздеп отыр. Ауқымды істің бастамасы ретінде БҰҰ өкілдері Самарқан саябағына тал-көшет отырғызып, қала экологиясын жақсартуға үлес қосты.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Шөлейттену – тек аймақтық деңгейдегі мәселе емес. Оны осы Самарқан шаһарында өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының отырысы дәлелдеді. Құрғақшылықпен күрес конвенциясының отырысы тағы бірнеше күнге созылады. Ал алдағы сәрсенбіде Қазақстан тарапы шөлейттену тақырыбына арналған зерттеуі мен ұсыныстарын жариялайды.

Авторы: Рауан Мыңбаев.