Еуропада трансплантация бойынша Испания көш бастап тұр
Адам органдарын трансплантациялау бойынша Испания Еуроодақта көш бастап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми ақпаратына сәйкес, мұнда өткен жылы күніне 15 операция жасалған. Бұл елде 10 отбасының 8-і қайтыс болған туысының ағзасын алуға рұқсатын береді.
Испания – асистолия, яғни жүрек қызметін толық тоқтата отырып, барлық ағза түрін ауыстыру бойынша операция жасайтын әлемдегі бірегей елдердің бірі. Мұнда былтыр 5400 трансплантациялық ота жасалған, оның 2 мыңға жуығында ағза мүшесі қайтыс болған, ал 300-і тірі донардан алынған. Нәтижесінде бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безі және ішек трансплантанты жүзеге асқан.
Эстебан Молано, Трансплантация жөніндегі ұлттық ұйым дәрігері:
- 10 отбасының 8-і қайтыс болған туысының ағзасын алмастыру үшін беруге келіседі. Бұл – әлем бойынша өте жоғары көрсеткіш. Біздің ұйым өтініш қабылдау, сараптама, сақтау және логистикамен айналысады. Сондай-ақ емхана мен отбасы арасындағы байланысты арттырамыз.
Испаниядағы 1 млн адамға шаққанда 35 донардан келеді екен. Ал Еуроодақтағы бұл көрсеткіш 19 адамды құрайды. Пандемия кезінде бұл статистика түскен жоқ, керісінше, өскен.
Висенс Бросса Лоиди, кардиолог:
- Еуропада 18 жастан асқаннан кейін әр адам – өз ағзасының қожайыны. Сондықтан ол медициналық сақтандыруында оқыс жағдайда опат болсам, ағза мүшелерімді отаға алуға рұқсат деп көрсетеді және бұл шешімді тірі кезінде кез келген уақытта кері қайтарып ала алады. Ал мұндай келісім жасалмаған болса, онда оның отбасы шешім қабылдай алады.
1964 және 2012 жылдар аралығында Испанияда 86 мыңнан астам ағзаға трансплантация жасалған. Дей тұрғанмен донор және адам саудасы қара нарықта да қызып тұр, деп жазады жергілікті БАҚ. Әсіресе осы мәжбүрлі қадамға кедей елден Еуропаға ағылған мигранттар баруы мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын бүйрек трансплантациясының 10%-ке жуығы заңсыз жасалады екен.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач.