Гана президенті: Еуропа елдері африкалықтарды құлдыққа салғаны үшін өтемақы төлеуге тиіс
Еуропа елдері африкалықтарды құлдыққа салғаны үшін өтемақы төлеуге тиіс. Гана президенті Нана Акуфо-Аддо Тарихи әділетсіздікпен күрес конференциясының алғашқы отырысында осылай деп мәлімдеді.
Ұйымдастырушылар бұл жиынның өтемақы төлету арқылы әділдік орнату үшін өткізіліп жатқанын айтады. Осы мақсатта Африканың Сарапшылар комитеті құрылмақ.
Айта кетейік, XV-XIX ғасыр аралығында 12 миллионнан астам африкалық құлдыққа сатылған. Олар Америкада, оның ішінде Бразилия мен Кариб теңізі аймағындағы плантацияларда жұмысқа жегілген. Біріккен Ұлттар Ұйымының қыркүйектегі есебінде Африка елдеріне өтемақы төлеу қажеттігі туралы мәселе көтерілген болатын. Бірақ сот арқылы құрбандарды анықтаудың күрделі болатыны ескертілген.
Нана Акуфо-Аддо, Гана президенті:
- Құлдыққа сатылған Африка тұрғындарының да өтемақы алатын уақыты келді. Негізі құлдық сауда мен оның зардабын ешқандай ақша өтей алмайды. Еуропа мемлекеттері бүкіл Африка құрлығынан лайықты түрде кешірім сұрауы керек.