Түркияда 30 мың науқас трансплантация кезегінде тұр
Түркияда ағза мүшесін ауыстыруға мұқтаж 30 мың науқас кезекте тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олардың басым бөлігіне бүйрек керек. Бұл туралы Ағза мүшелерін трансплантациялау және гепатобилиарлы хирургия орталығының директоры мәлімдеді. Оның айтуынша, кезектің көбеюіне коронавирус себеп.
Түркияда ағза ауыстыру тірі және мәйіт донорлығы сияқты 2 жолмен жүзеге асады. Жақын туыстардың бір-біріне дене мүшесін беруге рұқсат бар. Ал мәйіт доноры болу үшін ауруханаға барып, қажет құжатты 2 куәгердің қатысуымен толтыру қажет. Яғни, марқұмның туыстарының рұқсаты болуға тиіс.
Месут Яғмур, ағза доноры:
- Денсаулығым сыр беріп, бірнеше ай бойы ауруханада ем қабылдадым. Сол кезде қаншама кісінің донорды сарыла күтіп, шарасыз жүргенін көрдім. Адамның ағзасының өзінен кейін топыраққа айналмай, бір кісіге өмір сыйлай алатынын түсіндім. Сөйтіп, өтініш жасап, мәйіт донорлығына тіркелдім. Осы шешім туралы жақындарымды хабардар еттім. Себебі кімге қанша өмір берілетіні белгісіз.
Түркияда тірі адамның ағзасын трансплантациялау деңгейі 80% құрайды. Яғни, көш бастап тұр. Ал мәйіттің ағзасын алуда соңғы орында. Мамандар діни наным-сенім, қорқыныш, дәстүр, мәйітке құрметсіздік сияқты теріс түсініктер кедергі дейді. Енді Түркия мәйіт донорлығын арттыруды көздеп отыр. Осыған байланысты дәрігерлер арнайы курстан өтіп, ауруханаларда «дене мүшелерін транспланттауды үйлестіруші» деген арнайы маман пайда болды.
Айше Өзкан, дене мүшелерін транспланттауды үйлестіруші:
- Біздің қызметіміз – медицина мамандарын ұдайы оқытып, ағза донорлығы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Ауруханада «мидың жұмысы тоқтаған» деген диагноз қойылған жағдайда дәрігерлер мұны дұрыстап түсіндіруі керек. Ағза донорлығы жайлы жан-жақты ақпарат беріледі. Донорлықтың қаншама адамды аман алып қалатынын жеткізуге тырысамыз.
Әр адамның өмір сүруге құқығы бар. Қоғамда көптеген адам қажетті ағза мүшесін дер кезінде таба алмағандықтан көз жұмып жатыр. Сондықтан "ағза донорлығын арттырудың бірден бір жолы – еріктілер санын көбейту" дейді дәрігерлер.
Айхан Динчкан, Дене мүшелерін трансплантациялау және гепатобилиарлы хирургия орталығының директоры
- Бүгін түнде «миы жұмысын тоқтатқан» деген диагноз қойылған 13 жастағы баланың дене мүшесін басқа науқастарға салдық. Бұл шешім бірнеше адамға өмір сыйлады. Негізі еріктілер санын көбейту керек. Себебі кезекте әлі 30 мың кісі бар. Оның басым бөлігі бүйрекке мұқтаж.
Түркияда 615 мыңға жуық адам «Ағза доноры» куәлігін алған. Бірақ бұл құжат жеткіліксіз. Сондай-ақ донорлар жазым болған жағдайда дене мүшесін науқасқа беру шешімін жақындарына ескертуге тиіс.
Авторы: Меруерт Қанағат.