БҰҰ Израильді айыптады
Израиль Газадағы халықаралық ұйымдардың жұмысын қиындату үшін аймаққа жанармай жеткізуге кедергі келтіріп отыр.
БҰҰ-ның Палестина босқындарына көмек жөніндегі агенттіктің басшысы Филипп Лаззарини осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, осындай әрекеттен агенттік өңірдегі бірқатар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Аймақта құдықтар мен су тазартатын станциялар істемей қалған. Егер бұлай жалғаса берсе Газада ашаршылық басталады - дейді ол.
Ал Израиль билігі болса өңірге жеткізілген жанармайды ХАМАС пайдаланып отыр деп айыптауда.
Филипп Лаззарини, БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек жөніндегі агенттіктің басшысы:
- Жанармай тапшылығынан біз Мысырдан Газа секторына гуманитарлық жүктерді жеткізіп, тарата алмай отырмыз. Сондай-ақ, аймақта байланыс өшіп қалды. Ауруханалар жұмыс істемей, науқастар дәрігерлік көмек ала алмай жатыр. Сондықтан мәселені шұғыл түрде шешуге шақырамын.
Израиль Газаның батыс бөлігін бақылауына алды.
Ал соңғы мәліметтерге қарағанда, Израиль күштері Газа қаласының батысы мен шаһардағы портты бақылауына алған. ХАМАС-тың бірнеше жерасты үңгір жолдарын талқандаған. Сондай-ақ, қаладағы ХАМАС жетекшісі Исмаил Ханияның резиденциясын әуеден соққы бергенін хабарлады. Жапа шеккендер туралы ақпарат жоқ.