Интернетсіз дүние бос
Ия, интернетсіз дүние бос. Әлгінде айттық, қала тұрмақ ауыл аймақ өркениеттің игілігін көріп жатыр.
Бірақ әлемде осы интернет жетпей жатқан талай ел бар. Мәселен, Африканың ең дамыған мемлекеті саналатын Оңтүстік Африка Республикасында оның жылдамдығы әлем бойынша орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Ал Қытай қазір 6 джи желісін іске қосуға ұмтылды. Ресей ең арзан интернет бойынша бірінші орынға шықты.
Пикоди халықаралық сервисі,,, интернеті ең арзан елдердің тізімін жария етті. Алғашқы ондықта Қазақстан да бар. Мамандар әлемнің 85 мемлекетіндегі 350-ден аса провайдердің бағаларын салыстырған. Біз сегізінші орындамыз. Тізімнің басында Ресей тұр. Мұнда тұрғындар жылдамдығы секундына 100 мегабит интернет үшін айына 5,6 доллар төлейді. Біздің валютаға шаққанда, шамамен 2 жарым мың теңге. Ал ең қымбаты - Норвегияда. Мұнда ай сайынғы төлем - 80 долларға, яғни 37 мың теңгеге жуықтайды.
Интернеті ең арзан елдер:
- Ресей - $5,6
- Украина - $6,1
- Румыния - $6,4
- Вьетнам - $6,7
- Молдова - $7,7
- Үндістан - $8,5
- Беларусь - $9
- Қазақстан - $9,8
- Болгария - $10,3
- Латвия - $10,8
Интернетке қатысты жанжал
Интернеті ең қымбат елдердің үштігін Исландия мен Австралия түйіндейді. Кейінгісінде жақында интернетке қатысты жанжал шығып, ол әлі басылмай келеді. Нақтырақ айтар болсақ, желідегі ақау салдарынан елдегі екінші ірі телекоммуникациялық компания Оптус қолданушылары байланыс пен интернетсіз қалған. Пайдаланушылар қатарына Австралия тұрғындарының шамамен жартысы кіреді. Енді жергілікті билік компанияның мұндай жағдайларға қарсы іс-қимыл жоспары болмағанын айтып, қатаң сынға алды. Осыған байланысты 8 жарым мың қолданушы өтемақы талап етіп, сотқа шағым түсірген. Бұған дейін дәл осы Оптус тағы бір дауға қалған еді. Ол кезде 10 миллион Австралия тұрғынының жеке мәліметтері желіге тарап кеткен.
Ламбо Канагаратнам, Optus Networks компаниясының басқарушы директоры:
- Миллиондаған тұрғынның интернет пен байланыссыз қалғаны үшін кінәмізді мойындап отырмыз. Мұндай оқыс жағдайда қалай әрекет ету керегін білген жоқпыз. жоспар да болған жоқ. Енді осыдан сабақ алып, болашақта осындай ақауларға жол бермеуге тырысамыз.
Әлемдегі ең жылдам интернет
Ал Қытайда әлемдегі ең жылдам интернет іске қосылды. Жоба 2013-жылы қолға алынған. 2025-жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда шығысымыздағы көрші мұны екі жыл ерте бітірген. Қазір Бейжің мен Гуанчжоу қалаларының арасымен жүргізілген магистралды оптикалық-талшықты желісі арқылы секудына 1,2 терабит мәлімет біріледі. Бұл секундына 150 фильм жіберуге жеткілікті. Ол Қытайдың саладағы басты бәсекелесі АҚШ-пен салыстырғанда 3 есе жылдам. Бір айта кетерлігі - жүйенің бағдарламалық және аппараттық жасақтамасының барлығы елде жасалған. Көршіміз осылайша АҚШ пен Жапонияға тәуелділікті азайтуға ниетті.
Ву Цзяньпин, желілік ғылымдар мен киберкеңістік институтының директоры:
- Жоғары жылдамдықтың арқасында деректерді жіберіп, қолданушылардың арыз-шағымдарына қатысты шұғыл шара қабылдауға болады. Болашақта бүкіл ел бойынша интернет жылдамдығын осындай деңгейге жеткізуге ниеттіміз.
Кейінгі уақытта Қытай 5 Джи желілерін дамытуға ден қойып отыр. Бір жарым жылда қолданушылар саны 10 есе артқан. Мұнда қазір тіпті 6 Джи желісін іске қосуға қызу дайындық жүріп жатыр.