Аман Төлеев өмірден өтті
1997-2018 жылдар аралығында Кемерово облысының губернаторы болған Аман Ғұмырұлы Төлеев дүниеден озды.
Бұл туралы Кемерово облысының қазіргі губернаторы Сергей Цивилев Telegram-арнасында жазды.
Ол Аман Төлеев жайлы «бүкіл өмірін Кузбасс пен Ресейге қызмет етуге арнаған жарқын, ерекше адам» деп жазды.
Бұл орны толмас қаза. Өңіріміз тарихының тұтас бір дәуірі Аман Ғұмырұлымен байланысты: ол кеншілер рельске мініп, Транссібір темір жолындағы қозғалысты бөгеген қиын-қыстау кезеңде оны басқарып, дағдарыстан алып шықты. Кузбастықтар Аман Төлеевті өз қызметінде әрқашан халық мүддесін бірінші орынға қоятын нағыз халықтық губернатор ретінде еске алады. Аман Ғұмырұлы мәңгі жүрегімізде! – деді Сергей Цивилев.
Төлеев Аман Ғұмырұлы (Аманкелді Молдағазыұлы) 1944 жылы 13 мамырда Түрікменстанда туған. Ұлты қазақ, руы адай.
Саяси қайраткер, технология ғылымының докторы (2000).
1973 жылы Новосибирск темір жол инженерлері институтын, 1989 жылы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген.
Еңбек жолын 1964 жылы Кемеров облысында темір жолшы болып бастады.
1967-1973 жылдары Новокузнецкідегі Мундыбаш станциясында кезекші, бастықтың көмекшісі, станция бастығы;
1973-1985 жылдары Междуреченск темір жол станциясының бастығы, Кемерово темір жолының Новокузнецк бөлімшесі бастығының орынбасары, бөлімше бастығы;
1985-1988 жылдары Кемерово облыстық партия комитетінде көлік және байланыс бөлімінің меңгерушісі;
1988-1990 жылдары Кемерово темір жолының бастығы болды.
1990-1993 жылдары РКФСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кемерово облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы;
1994-1996 жылдары Кемерово облыстық заң шығарушы жиналыстың төрағасы;
1996-1997 жылдары РФ-ның ТМД елдерімен қарым-қатынас министрі қызметтерін атқарды.
1997-2018 жылдары Кемерово облысының губернаторы.
3 рет (1991, 1996, 2000) РФ Президенттігіне кандидат болып тіркелді.
Төлеев “Долгое эхо путча” (1992), “Власть в руках человека и... человек в руках власти” (1993), “На изломах жизни...” (1993), “Цена иллюзий” (1995), “Отечество – боль моя” (1995), “Судите сами” (1996) атты кітаптарын жазған.
Ресейдің, Украинаның, Қазақстанның, Беларусьтің, Моңғолияның көптеген ордендерімен марапатталған. Саяси тұлға ретінде бірнеше рет Қазақстанда ресми сапармен болып қайтқан.