БҰҰ: Пластик өндірісін азайту қажет
Әлемде 20 жылдан кейін пластик қалдықты 80%-ке азайту жоспарланып отыр.
Бұл мәселе Кенияда өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының кезекті жиынында талқыланды. Соңғы мәліметке сүйенсек, дүниежүзінде өндірілетін пластиктің көлемі 400 миллион тоннадан асқан. Мамандар мұның экология үшін зардабы орасан зор дейді. Бірақ көптеген елдер бұған әлі мән бермей келеді. Пластик қалдықты азайтуға білек сыбана кіріскендері өте аз.
Швеция Еуропада пластик қалдықтың көлемі бойынша көш бастап тұр. Соңғы 40 жылда олардың саны 1 млн 200 мың тоннаға жетіп, 2 есе көбейген. Яғни, Швецияда әр тұрғын жылына 120 келі пластик өнім пайдаланады деген сөз. Үкімет осы мәселені түзеу үшін жыл сайын 200 мың тонна пластикті қайта өңдеу ісін шұғыл жолға қойды. Қазір осындай 20-ға жуық зауыт жұмыс істеп тұр.
Маттиас Филипссон, зауыт директоры:
- Біз пластикті жинаумен, қайта өңдеумен және сатумен айналысамыз. Пластик әбден ескіріп, жарамсыз болғанша осы істі жалғастыра береміз.
Роберт Блазиак, зерттеуші:
- Әлемде бүгінге дейін 8 млрд тоннаға жуық пластик ыдыс өндірілген. Яғни, бұл – жер бетіндегі адам санына тең көрсеткіш. Сондықтан осынша көлемдегі пластик қалдықты қайта өңдеу оңай емес. Оған кез келген елдің шамасы жете бермейді.
Моңғолияда жылына 3 млн тонна пластик шығарылады. Бірақ қайта өңделмейді. Өйткені онымен айналысатын кәсіпорын атымен жоқ. Желмен бірге ұшқан пластик қалдықтар жайылым жерлерді тоздырып, ауаны ластап жатыр.
- Біз жиі мал соямыз, қыста соғым таратамыз. Сонда байқағанымыз, сойылған малдың ішінен үнемі полиэтилен пакеттер шығады. Бұған бәріміздің етіміз үйреніп кеткен.
Пластикпен тиімді күресіп жатқан елдер де бар. Соның бірі – Кения. 2017 жылдан бері мұнда пластик шығаруға, сатуға және қолдануға қатаң тыйым салынған. Бірінші бұзғандар басында айыппұл төлейді, қайталанса, 4 жылға дейін сотталмақ. Ал 2020 жылы пластик өнімдерді жоюға заңмен талап қойылды.
Доминик Кагви, кәсіпкер:
- Өнімді орайтын зат қайта өңделетін материалдан жасалғаны абзал. Сонда оны нарыққа қайта шығаруға болады. Бұл экологиялық әрі экономикалық жағынан тиімді. Осылайша, кәсіпті дөңгелетуге және жұмыссыздықты болдырмауға мүмкіндік туады.
Бұл – бүкіл әлемге ортақ мәселе. Өйткені адамзат жиі тұтынатын пластик ыдыстың 60%-і қоқысқа тасталады. Ал оның тек 10%-і ғана қайта өңделеді. Қалғаны қоршаған ортаны ластап далада жата береді. БҰҰ өкілдерінің айтуынша, бұлай жалғаса берсе, Жер шарындағы экожүйе бұзылуы мүмкін.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Сандуғаш Байғуаныш.