Түркияда селден 9 адам көз жұмды
Түркияда өткен аптадан бері толассыз жауған нөсер соңы селге ұласып, 9 адам көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Марқұмдар – Зонгулдак, Батман және Диярбакыр аймақтарының тұрғындары.
Бұдан басқа, Қара теңізде 2 кеме апатқа ұшырады. Біреуі дауыл салдарынан екіге қақ айырылса, екіншісі суға батып кеткен. Соңғысында 12 жолаушы болған. 1-еуінің денесі табылды. Қалған 11 тұрғын іздестіріліп жатыр.
Әли Йерликая, Түркияның Ішкі істер министрі:
- Түрік кемесіндегі із-түзсіз жоғалған 11 экипаж мүшесін іздестіру-құтқару жұмысы кеше тоқтап қалған болатын. Таңертең күн райы жақсарып, операция қайта басталды. Оған 797 қызметкеріміз жұмылдырылған. Бұдан басқа, 295 техника, 2 ұшақ және тікұшақ, патрульдік қайықтар тартылды.
Ал Батман өңірінде өзен деңгейі 6 метрге дейін жетті. Сел әжесі мен 3 немересін ағызып әкеткен. Синоптиктер тұрғындарға беталды сыртқа шықпауға кеңес беріп отыр. Елдегі 31 аймақта қолайсыз күн райына байланысты қауіп-қатердің сары және сары-қызғылт түсті деңгейі жарияланды. Қазірдің өзінде 300-ге жуық үй мен дүкенді су шайып кеткен.