БҰҰ Газа секторындағы атысты тоқтатуға шақырды

Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер Газа секторындағы атысты тоқтатуға және гуманитарлық көмекті арттыруға шақырды.

Қақтығыс алаңында азық-түлік, жанармай, дәрі-дәрмек пен су тапшы. Ұйымның хабарлауынша, аймақтағы 2 миллион 300 мың тұрғынның 60 пайызы баспанасыз қалған. 7 қазанда басталған қақтығыстан 1200-ге жуық израильдік және 13 мыңнан астам палестиналық көз жұмды. Көбі – бейбіт тұрғындар.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

- Бас хатшы қызметіне тағайындалғаннан бері бейбіт тұрғындардың жазықсыз опат болғанына куәмін. Соның ішінде мыңдаған баланың қаны нақақтан-нақақ төгілді. Бұл не деген сұмдық? Халықаралық гуманитарлық және адам құқықтары өрескел бұзылып жатыр!

Науқастарды Мысыр мен Түркия қабылдады   

Израильдің құрлық әскері Газа секторына шабуылын жалғастырып жатыр. Емдеуге еш мүмкіндік болмағандықтан, шала туған 28 нәресте Мысырға жеткізілді. Ал ауыр диагноз қойылған ересек науқастарды Түркия қабылдап жатыр. 60-қа жуық адам ұшақпен Анкараға жеткізілген.