17 қазақстандық Газада қалатынын айтты
Газа секторындағы 17 қазақстандық елге қайтпаймыз деп мәлімдеді.
Мұны Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров айтты. Сондықтан аталған аймақтан Қазақстанға қарай кезекті эвакуация рейсін ұйымдастыру туралы әзірге жоспар жоқ. Бұған дейін Газа секторынан 99 адам елге жеткізілген. Омаров эвакуация - ерікті түрде жүргізіледі деді.
Қайрат Омаров, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:
- Ол жақта Қазақстанның 17 азаматы қалған. Өзгесі – солардың отбасы мүшелері. Бұл нақты Газа секторындағы жағдай. Жеткізілген 99 адамның бір бөлігі – ел азаматтары. Қалғаны солардың жақындары. Шекарадан шыққан кезде Израиль мен Мысыр тарапы біз ұсынған тізімді жіті тексереді. Себебі олар топтың арасында елден шығарғысы келмейтін адамдардың болмауына толық көз жеткізеді.