ХАМАС тұтқынға алған адамдардың бір бөлігін босатады
Ал Израиль Газа Секторында оқ атуды тоқтатады. Ол 4 күнге жалғасады.
Бірақ одан кейін де атыс-шабысты доғару келісімі орнауы мүмкін. Бірақ оның өз талабы бар.
Бірнеше күнге ғана жалғасады. Аяқталғаннан кейін Израиль тарабы әскери іс-қимылдарын әрі қарай жалғастыратынын бірден айтты. Десе де бұл шиеленісті реттеудегі ірі дипломатиялық жетістік екені сөзсіз.
Израиль мен ХАМАС арасындағы қарулы қақтығыстың жалғасып келе жатқанына бір жарым айдан асты. Бұған дейін әр тарап өз талаптары туралы айтып келді. Десе де екі жақ уақытша бітімге енді ғана қолжеткізіп отыр. Бұл келісім Қатар, Мысыр мен АҚШ арағайындығымен жасалған. Оның шарттары мынадай. Израиль әскері 4 күн бойы Газа қаласының оңтүстігіндегі әуе шабуылдарын мүлде жүргізбейді. Ал солтүстігіндегі әскери іс-қимылдар бірнеше сағатқа тоқтайды. Сонымен қоса Израиль түрмелерінде отырған 300 палестиналық бостандыққа жіберілу керек. Есесіне ХАМАС мүшелері,,,тұтқындағы адамдарды босатады. Бірінші кезекте 50 адам жіберіледі. Бұл әйелдер мен балалар. қолда бар мәлімет бойынша, қазір палестиналық қозғалыс өкілдері 240 адамды тұтқында ұстап отыр. Келешекте оқ атпау тәртібі ұзартылауы мүмкін. Израиль жағы босатылған әр адамға бір күннен қосып отырады. Сонымен қоса оқ атпау тәртібі кезінде өңірге күніне 300 жүк көлігінің гуманитарлық көмек жеткізуніе рұқсат етілді. Келісімнің бірінші кезеңі әзірге осындай. Сарапшылар мұның өзі үлкен дипломатиядық жетістік екенін айтады.
Анас Иктайт, Таяу Шығыс экономикасы бойынша сарапшы:
- Бітімнің маңызы зор. Ол Газа Секторына көбірек гуманитарлық көмек жеткізу үшін қажет. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз екенін бірден айту керек. Өңірде 2 миллионнан аса адам тұрады. Басқасын айтпағанда, оларда тіпті су жоқ. Өзге де ең қажетті деген заттар тапшы.
Бұл шешімді халықаралық қауымдастық та қолдап отыр.
Бітімге келудің берері көп
Мао Нин, Қытай СІМ өкілі:
- Шиеленіс басталғалы Қытай атыс-шабысты тоқтатуға шақырып, бейбіт тұрғындарды қорғау және гуманитарлық көмек көрсету бойынша аз күш салған жоқ. Біз уақытша бітімді қолдаймыз. Ол өңірдегі күрделі жағдайды реттеуге өз септігін тигізеді деп үміттенеміз.
Әбу Джихад Әбі Шамие, Газа секторының тұрғыны:
- Біз атыс-шабыстың тоқтауын ұзақ күттік. Бір орыннан екінші орынға көшіп, қарулы қақтығытан әбден шаршадық. Бейбіт заман орнаса екен.
Нир Шани, Израиль тұрғыны:
- Дұрыс болды. Бірақ ХАМАС өкілдері тұтқындардың бәрін жібере салғаны жөн еді.
Бітімге қатысты жанжалдасушы тараптардың өздері былай дейді.
Халил Әл-Хайя, ХАМАС өкілі:
- Келіссөздердің жалдғасып жатқанына көп болды. Бұл ретте Катар мен Египетке алғыс айтамыз. Уақытша бітімнің палестиналықтарға көмегі тисе екен деп тілейміз.
Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-министрі:
- ХАМАС өкілдері тұтқынға алған адамдарды босатқаннан кейін біз соғысты тоқтатамыз деген бос әңгімелер жүріп жатыр. Бірден айта кетейін, Израиль қауіпсіздігіне қатер төндіретіндердің түгел көзін жоймайынша қарулы қақтығысты тоқтатпаймыз.
Иә, соғыс әлі аяқталған жоқ. Десе де кез келген шиеленісті шешудің жолы - келіссөздер жүргізу дейді сарапшылар. Олардың айтуынша, қазіргі таңда ең басты мәселе - Газа Секторындағы гуманитарлық дағдарысты шешу. Қазір аймақтағы ахуал расымен күрделі. Газа Секторында 36 медициналық мекеме бүлінген. Қазір солардың бірнешеуі ғана жұмыс істеп тұр. Босып кеткен тұрғындарды қабылдау орталықтарының да жайы мәз емес. БҰҰ-ның хабарлауынша, шиеленіс басталғалы өңірдің бір жарым миллионнан аса тұрғыны үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған. Қазір солардың 815 мыңдайы БҰҰ-мен ұйымдастырылған нысандарды паналауда. Бірақ онда адам тым көп. Соған байланысты түрлі жұқпалы аурулар тез тарап жатыр.