Сеул мен Пхеньян бір-бірін айыптады

Корей түбегінен тағы да тыныштық кетті.

Солтүстік Корея баллистикалық зымыран ұшырды. Бұған жауап ретінде Оңтүстік Корея Америкамен бірігіп, әскери оқу-жаттығу өткізбек.

Пхеньян бұған дейін де зымырандарын ұшырып жатты. Осыған қатысты Сеул қандай шешім қабылдады?

Көршісінің кезекті сынағынан кейін Оңтүстік Корея оқу-жаттығу өткізетін. Бірақ бұл жолы әскери келісімді тоқтатуға дейін барды.

Сеул мен Пхеньян бір-бірін айыптады

Бір ұлт, екі мемлекет. Ұзақ жылдар бойы араздасып келген Сеул мен Пхеньян арадағы ахуалды реттеу үшін бірнеше рет корейаралық саммит өткізді. Іс-шара алғаш рет 2000 жылы ұйымдастырылды. Араға 18 жыл салып, бесінші раунд кезінде екі жақ әскери келісімге қол қойды. Ол арандатушылық әрекеттерді тоқтатып, соғыс қаупін сейілтуді көздейді. Бірақ іс жүзіне келгенде келісімдегі талаптар орындалмай отыр. Мәселен, кеше Пхеньян барлау Жер серігі бар зымыран-тасығышын сәтті ұшырғанын хабарлады. Осыған байланысты Сеул 5 жыл бұрын қол қойылған келісімді тоқтатты. 

Шин Вон Сик, Оңтүстік Кореяның Қорғаныс министрі:

- 2018 жылдың 19 қыркүйегінде қол қойылған келісімді ішінара тоқтату – Оңтүстік Корея тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қабылданған шара. Біз осылайша Солтүстік Кореяның арандатушылық әрекеттеріне жауап қайтарып отырмыз.

Солтүстік Корея да қарап қалмады. Көршісінің келісімді ішінара тоқтату туралы шешіміне қатысты елдің Қорғаныс министрлігінің өкілдері мынадай мәлімдеме жасады.

Солтүстік Кореяның Қорғаныс министрлігі:

- Біз құрлықтағы, теңіз бен көктегі шиеленісті азайтуға бағытталған барлық шарадан бас тартамыз. Сондықтан шекараға көбірек жауынгер жіберіп, онда жаңа үлгідегі әскери техникамызды орналастырамыз.

 

Тараптар таңдаған жолынан таяр емес

Арадағы әскери келісімге қарамастан Оңтүстік Корея теріскейдегі көршісінің арандатушылық әрекетке жиі баратынын айтады. Биылдың өзінде ол 20-ға жуық зымыран ұшырған. Оның ішінде құрлықаралық баллистикалық зымырандар да бар. Ал кеше барлау Жер серігі бар қаруын сынақтан сәтті өткізгенін хабарлап, бұл ел ішіндегі жауынгерлік дайындықты күшейтуге бағытталғанын жеткізді. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Солтүстік Корея өзін өзі қорғауға толықтай құқы бар. Десе де Оңтүстік Корея бұл халықаралық нормаларға қайшы келетінін алға тартып, оған арандатушылық әрекет деген баға берді. Сондықтан алдағы уақытта америкалықтармен бірге әскери оқу-жаттығу өткізетінін жеткізді. Жақында Чеджудо аралына АҚШ-тың атомдық сүңгуір қайығы келді. Негізі Оңтүстік Корея биыл наурызда қатты отынмен ұшатын зымыран-тасығышын сынақтан өткізген. Мұндай зымырандар өзгелеріне қарағанда арзан. Құрылымы да қарапайым. Сарапшылар Пхеньянның бұл жолғы әрекеті соған да байланысты болуы мүмкін дейді.

Хон Мин, Корея ұлттық бірігу институты Солтүстік Кореяны зерттеу орталығының басшысы

- Оңтүсік Корея былтырдан бері барлау Жер серігін ұшыру бойынша біраз жұмыс атқарды. Солтүстік Корея бұл бәсекеде басып озу үшін зымыранын қазір ұшырып отыр. Осылайша, мемлекет өзінің мүмкіндіктерін көрсеткісі келсе керек.

 

Әлемдік қауымдастық аймақтағы ахуалға алаңдайды

Өңірдегі ахуалға халықаралық қауымдастық қатты алаңдаулы. G7 елдерінің сыртқы істер министрлері Пхеньянның әрекетін қатаң сынға алып отыр. Аталған елдердің бірлескен мәлімдемесінде Солтүстік Корея өзінің ядролық мүмкіндіктерін жетілдіруін жалғастырып жатқаны жайлы айтылады. Сонымен қоса министрлер ядролық қаруды таратпау туралы шартты тағы да еске салды. Аймақтағы ахуалға қатысты Қытай тарабы да мынадай мәлімдеме жасады.  

Мао Нин, Қытай СІМ өкілі:

- Қытай Корей түбегіндегі ахуалды жіті бақылап отыр. Тараптар аймақта бейбітшлік пен тұрақтылықтың сақталуы үшін диалог жүргізу керек. Біз шиеленістің саяси жолмен шешілуіне көмектесеміз.