Газада тіршілік нәрі таусылды
Қазір Газа секторындағы ахуал мүшкіл.
Ішек инфекциясы, бактериялық дизентерия және желшешек бөртпе індеті жылдам тарап жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай деп дабыл қағуда. Қауіпті індет ауызсуға тапшылығы туындап, айналаны қоқыс қаптағанда өрши түседі.
Бактериялық дизентерия. Бұл ауру ауызсудың жетіспеушілігінен және айналаны қоқыс басқанда пайда болады. Індетті алдын алуға медициналық нысандардың қауқары жетпейді. Өйткені Газа секторындағы ауруханалар мен емханалардың көбі үздіксіз шабуылдардан жұмысын тоқтатты. Халықаралық ұйымның мәліметінше, ауруханаларға 178 шабуыл жасалып, салдарынан 553 науқас пен қызметкер қаза тапты.
Ахмед Әл-Мандхари, ДДҰ өкілі:
- Бүгінде Газада тұрғындар азық түлікке, таза суға, баспанаға, медициналық көмекке зәру. 36 аурухананың 27-сі су мен отынның жетіспеушілігі, базалық инфрақұрылымның қирауына байланысты жабылды.
Газа тұрғындары халықаралық ұйымдардың көмегіне зәру. 2,4 миллион палестиналыққа көмектесу үшін қауіпті аймаққа күніне жүзден астам жүк көлігі азық-түлік жеткізуі қажет. Алайда 20-сына ғана шекарадан өтуге рұқсат берілді. Оның біреуі ауызсу тасиды. Мына кадрлардан жүк көлігінің айналасында суды таласып алып жатқан тұрғындарды көруге болады. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, аймақтағы су тапшылығы «өмір мен өлімге» айналуы мүмкін.
Ханан Әл-Қара, Газа тұрғыны:
- Үйіміз қирап қалды. Уақытша баспананы мешіттен таптық. Балаларыма от жағып, тамақ дайындаймын. Біз үшін өте қиын, жағдай күннен күнге нашарлап жатыр.
Айта кету керек, 7 қазанда басталған бомбалаудан 13 мыңнан астам палестиналық көз жұмды. Дені – бейбіт тұрғындар.
Авторы: Айдана Каримова.