ШЫҰ: Қазақстан көлік-транзиттік әлеуетін арттырады
Қазақстанда 1300 шақырымға жуық жаңа теміржол құрылысы салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сонымен қатар 11 мың шақырым магистралдық желі жаңғыртылады. Мұндай қадам еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталып отыр. Бұл туралы Қытайдың Циндао қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының форумы кезінде айтылды. Халықаралық шараға қазақстандық және шетелдік 200-ден астам компания мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазақстан – тоғыз жолдың торабы. Еліміз арқылы өзге мемлекеттерге ең қысқа жолдар өтеді. Дәл қазір еліміз үшін көлік-транзиттік әлеуетті дамытып, көлік дәліздерін жаңғырту аса маңызды. Бұл жүк жеткізу уақытын 2 айдан, 2 аптаға қысқартуға мүмкіндік береді. Тиімді транзиттік трансконтиненталдық дәліздер желісі қазір де қалыптасқан. Жалпы Қазақстан аумағынан 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның ішінде бесеуі теміржол және 8 автомобиль дәлізі бар. Алайда әлі де әлеуетті арттыра түсу керек. Қазір Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы деңгейінде осы бағытта күш салып жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай елінің басшысы Си Цзиньпин арасындағы келіссөздер қорытындысы бойынша «Транскаспий халықаралық көлік бағытын» дамыту жөнінде меморандумға қол қойылған болатын. Қазір Қазақстан бұл транзиттік бағытты дамытуға ерекше мән беріп отыр. Форум кезінде бұған қатысушы елдер инфрақұрылымды жетілдіруге және аталған маршруттың тарифтерін төмендетуге мүдделі екендерін білдірді.
Айта кету керек, кейінгі 9 айда Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша 2 миллион тоннаға жуық жүк тасымалданған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 88,6%-ке артық.
Енді Қазақстан Қытай шекарасында құрғақ порт салу, тасымал қуатын арттыру және сауда флотын дамытуды көздеп отыр. Бұл туралы Шанхай Ынтымақстастық Ұйымының конференциясы кезінде айтылды. Жиында көлік дәліздерін цифрландыру, Алматы айналма теміржол желісінің құрылысы, Ақтау порты арқылы тасмалды арттыратын контейнерлік хаб жобасы, Құрық және Ақтау порттарының акваториясын тереңдету сияқты ірі жобалар таныстырылды. Олардың басым бөлігі жеке инвестиция есебінен іске асырылады. Форумда Қазақстан тарапы ұйымға мүше елдер өкілдерін көлік және инфрақұрылымдық инвестжобаларға белсенді қатысуға шақырды.
Нұрлан Аққошқаров, ҚР ШЫҰ Хатшылығы жанындағы тұрақты өкілі:
- Біз көлік логистикасы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға мүдделіміз және аталған жобаларды іске асыру барысында тараптардан жан-жақты қолдау болатынына сенеміз. Бұл іс-шара біздің ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға серпін беріп, көлік саласындағы жаңа мүмкіндіктер мен перспективаларды белгілейді.
Жалпы Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі қарқынды өсіп келеді. Кейінгі 10 айда Қазақстан мен Қытайдың шекаралық өткелдерінен тек бір ғана теміржол арқылы тасымалданған жүктің көлемі 23,5 миллион тоннаға жетті. Өткен жылмен салыстырғанда 22%-ке артық. Бұл – екіжақты ынтымақтастық тарихындағы рекордты көрсеткіш. Жыл соңына дейін жүк көлемі 26 миллион тоннаға жетеді деген болжам бар.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Енді екі елдің көшбасшылары арасындағы уағдаластықты іске асыру және көлік ынтымақтастығы саласындағы өзара іс-қимылға серпін беру мақсатында Қазақстан мен Қытай шекарасында «Аягөз-Тачэн» үшінші теміржол өткелін ашу жоспарда. Аталған жобалар жүзеге асса, Еуропа, Кавказ, Түркия бағытында жүк тасмалын ұлғайтуға мүмкіндік туады. Кездесу барысында қазақстандық порт компаниялары жауапты мекемелер және кәсіпорындармен ынтымақтастық жөнінде құжаттарға қол қойды.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Владимир Грабарь.