Еуропада орманды бақылау жүйесі енгізіледі
Жыл басынан бері Еуропа ормандарының 500 мың гектар алқабы өртеніп кеткен. Оған аптап ыстық пен құрғақшылық себеп.
Бұл туралы Еуропалық комиссия өкілдері хабарлайды.
Жасыл желектерді қорғау үшін енді спутниктік деректер пайдаланылады. Арнайы бақылау жүйесі іске қосылады.
2017 жылы Еуропада 1 миллион 300 мың гектар орман өртенді. Мамандар бас қатырып, мәселені жан-жақты зерттегенімен, соңғы 6 жылда жағдай оңалған жоқ. Былтыр 1 млн гектарға жуық аймақ жанып кетсе, жыл басынан бері жарты млн гектардай орман алқабы күлге айналды.
Еуропа елдерінің ішінде биыл ең қатты зардап шеккен – Грекия. Александруполис қаласында 96 мың гектар жер өртенді. Сондай-ақ, бұл тізімде Португалия, Испания, Италия бар. Ресми Брюссель ЕО-тың спутниктерінен орман туралы деректерді жинайтын заң жобасын ұсынды. Енді одаққа мүше мемлекеттер жасыл желектер аумағын жерүсті бақылауға міндетті.
Виргиниюс Синкявичюс, ЕО Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комиссары:
- Қазір ормандарға кешенді мониторинг жүргізуге қатысты нақты талап жоқ. Ал жаңа заңға сәйкес, ағаштарды кесуге болатын аумақтарды, олардың көлемін және орналасуын бақылауға аламыз.
Биыл өртенген жердің 43 пайызы – қорғалатын табиғи аумақ. Яғни, жойылып кету қаупі жоғары жануарлар мен өсімдік түрлерінің көбі жанып кеткен. Есепке сәйкес, бұл – соңғы онжылдықтағы ең сорақы көрсеткіш.
Виргиниюс Синкявичюс, ЕО Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комиссары:
- Спутниктік деректер – орман ағаштарын заңсыз шабуға қарсы күресте де көмекші. Әсіресе, мемлекеттердің ұлттық шекараға жақын аймағында заңсыз ағаш кесу фактілерінің алдын алуды жоспарлап отырмыз.
Осылайша, спутниктік бақылау жүйесі ЕО-ға мүше мемлекеттер ұсынатын орман деректерін нақтылап, климаттық өзгерістерден туындаған қауіптің алдын алуға сеп болады, дейді мамандар.