Декреттегі аналар жұмысқа шығуға мәжбүр
Ұлыбританияда аналарға декреттік демалыс нәбәрі бір жылға беріледі. Ал әлеуметтік төлемдер 9 ай ғана төленеді.
Қымбатшылық қысқан заманда бұл ақша жетпейтіні анық. Сондықтан әйелдердің көбі жаңа туған перзентін қолына алып, жұмысқа қайта қосылуға мәжбүр.
Лондондағы орталық аудандардың біріндегі балалар алаңы. Ойнап жүрген бүлдіршін жоқ. Әткеншек пен сырғанақтың кезегінде тұрғандарды таппайсыз. Соңғы уақытта Ұлыбритания демографиялық дағдарысты бастан кешіруде. Ресми мәліметтерге сәйкес өткен жылы Англия мен Уэльсте бала туу көрсеткіші соңғы жиырма жылда болмаған деңгейге түсіп кеткен.
Негізгі себептердің бірі елдегі экономикалық ахуал. Бала туу тұрмақ жан бағу қиындап кетті. Азық-түлік қымбат, жылу мен жарықтың бағасы аспандап тұр, ипотекалық несие мөлшерлемесі өскен. Сондықтан декреттік демалыстағы аналар жұмысқа шығуға мәжбүр. Өйткені жәрдемақы жетпейді. Зерттеуге қатысқан әрбір оныншы әйел босанғаннан кейін 4 айдан соң жұмысқа қайта оралғандарын айтады.
Сара Лейн, Лондон тұрғыны:
- Сәбиімізді кемінде екі жасқа толтырып, жұмысқа шыққымыз келеді. Бірақ әр отбасының табысы әрқилы. Декреттік төлемдер аз. Сондықтан мезгілінен бұрын жұмысқа қосылдық. Балаға күтуші жалдау немесе балабақшаға беру өте қымбат болғандықтан кішкентайымызды өзімізбен бірге кеңсеге апарамыз.
Бүгінде Ұлыбританияда бала күтімі бойынша демалысқа 1 жылға ғана шығуға болады. Бірақ декреттік төлемдер тек 9 айға төленеді. Босанатындар орташа апталық табысының 90 пайызын алады. Бұл сомадан салық ұсталады. Біржолғы жәрдемақы деген төленбейді. Аналардың жұмысқа ерте қосылып кетуінің себебі де осында жатыр.
Эндрю Харроп, Fabian society саяси сараптамалық орталығының басшысы:
- Ұлыбритания декреттік төлемдер бойынша көптеген елдермен салыстырғанда артта қалды. АҚШ-тың жағдайы бұдан да сорақы. Еуропалық елдердің көпшілігі әйелдерге жалақысының 100 пайызын төлеп береді. Осыған қарап, ой қорыта беруге болады.
Бұл мәселе бойынша осы жылы арнайы петиция да жарияланды. Өтініш иелері өмір сүру құнының қымбаттауына байланысты заңмен белгіленген декреттік төлемнің көлемін көбейтуді сұраған. Бірақ биліктегілер өтінішті қанағаттандырмады.
Ұлыбританияның Еңбек және зейнетақы министрлігі:
- Декреттік төлемдер басқа жәрдемақылармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Үкімет қазірдің өзінде жүктілік пен босану төлемдеріне жылына шамамен 3 миллиард фунт стерлинг жұмсайды. Біз декреттік төлемдерді ұлғайтуды жоспарлап отырған жоқпыз.
Жұмысқа ерте қосылған жас аналар мен олардың балаларының психикалық және физикалық денсаулығы сыр бере бастаған. Дәрігерлерден көмек сұрап, хабарласқандардың саны 8 пайызға өсіп отыр. Кедейшілік нәрестенің өлі туылуына немесе сәби кезінде қайтыс болуына ықпал етуде дейді мамандар.
Ғалымжан Қараманұлы, «Хабар-24», Лондон.