Әр 2 минут сайын бір германиялық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады

Германияда әр 2 минут сайын бір адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады.

Сарапшылардың сөзінше, мұндай деректер жылдан жылға артып барады. Былтыр 240 мың жағдай тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,5%-ке көп. Олардың басым бөлігі, яғни зәбір көрушілердің 70%-і – әйелдер екен. Осы ретте сала мамандары зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандарға көмек көрсететін дағдарыс орталықтарына жүгінуге кеңес береді. Өміріне қауіп төнген қыз-келіншектер, сондай-ақ арнайы үйлерде уақытша тұрақтауына болады.

Жалпы Германия заңына сәйкес жұбайын қорлаған адамдарды полиция үйінен шығарып, жарымен байланыс орнатуына тыйым сала алады.

Сильвиа Ценцен, «Әйелдер зорлық-зомбылыққа қарсы» ұйымының өкілі:

- Бұл – мемлекеттік ұйым. Германия бойынша 200-ге жуық филиалымыз жұмыс істейді. Біз зәбір көрген әйелдерге көмектесуге әрдайым әзірміз. Қызметіміз тегін әрі анонимді түрде көрсетіледі. Айта кетерлік бір жайт, пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары жиі тіркелді. Есесіне бұл жағдай қазір ашық айтылатын деңгейге жетті. Нәзік жандар өзінің жалғыз емес екенін сезініп, орталыққа кеңес сұрап келе бастады. Бұл – қоғамды алаңдатқан мәселе. Мұндай құқықбұзушылықтарды азайту үшін үгіт-насихат жұмыстары мектептен басталу керек.