АҚШ-та жаппай жеңілдіктер жұмасы өтіп жатыр
АҚШ-тың ұлттық бөлшек сауда федерациясының болжамы бойынша, биыл Алғыс айту күні мен Кибер дүйсенбі аралығында 182 миллион адам дүкендерде және онлайн режимінде сауда-саттық жасайды.
Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 15,7 миллион тұтынушыға көп және соңғы 6 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
АҚШ дүкендері «Жомарт жұмада» тұтынушыларға ала таңнан есігін айқара ашса, тұтынушылар ұзын-сонар кезекке тұруды әдетке айналдырған. Осылайша, жеңілдіктер жұмасы АҚШ-тағы ең танымал сауда күні болып қала береді.
Джон Тэлботт, Индиана университетінің Келли бизнес мектебінің аға оқытушысы:
- Соңғы жылдары жаппай жеңілдіктер науқаны ерте басталатын болды. Дегенмен кейінгі кездегі көптеген өзгерістерге қарамастан Алғыс айту күнінен кейінгі «Жомарт жұма» жылдағы ең үлкен сауда күні ретінде қалып отыр.
Белгілі брендтер өз өнімдерін «Жомарт жұмаға» дейін де сатылымға шығарып үлгергенімен, дәл осы күні жеңілдіктер мен акциялар шарықтау шыңына жетеді деген жоспар бар. Ал бөлшек сауда федерациясының болжамы бойынша, аталған мереке күндері жалпы шығын 3-4%-ке артып, шамамен 960 миллиард долларға жетеді. Сарапшылар биылғы сауда маусымында электроникалық тауарлар көш бастайтынын айтады.