БҰҰ әлем халқын әйелдерді қорғауға шақырды
Отбасындағы жанжал, қыз-келіншектердің зәбір көруі мәселесі қоғамда өткір тұр.
Мұндай жағдай біздің ел ғана емес, қазір жалпы әлемде проблемаға айналған.
Дүние жүзінде шамамен 736 миллион қыз-келіншек, яғни әрбір үшінші әйел өмірінде кемі бір рет физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. 25-ші қараша – әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою халықаралық күніне орай Біріккен Ұлттар Ұйымы арнайы ресми жиын өткізді.
24 жылдық тарихы бар атаулы күн биыл «Бірыңғай – 2030» науқаны аясында әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатуға бағытталған 16 күндік шаралармен басталды. БҰҰ Бас хатшысы мен нәзік жандылары жетекшілік ететін құрылымдар ағымдағы жылы «Қыз-келіншектерге қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алуды қаржыландыру» мәселесіне айрықша басымдық беріп отыр. Әйелдердің қауіпсіз болашағына алаңдаған ұйым белсенділері әлемдегі әрбір елдің үкіметін осы мәселеге үн қосуға шақырды.
Сима Бахоус, БҰҰ әйелдер ұйымының атқарушы директоры:
- Бұл қыз-келіншектерімізге және жалпы адамзатқа тікелей қауіп төндіретін қылмыс. Кейбір елдерде гендерлік зорлық-зомбылықтың экономикалық әсері ЖІӨ-нің шамамен 3,7 пайызын құрайды. Осы бағытқа былтыр жалпы көмектің 0,2 пайызы ғана жұмылдырылған. Бұл өте аз, тіпті айтуға ауыз бармайтын көрсеткіш.
Біріккен Ұлттар Ұйымының саралауы бойынша сағат сайын кемінде 5 қыз-келіншек өз отбасы мүшесінің қолынан қаза табады. Ресми басқосу барысында Бас хатшының орынбасары Амина Мұхаммед ушығып тұрған мәселеге уақыт оздырмай мән беріп, әйелдер ұйымдарына көбірек инвестиция салу, заңнаманы жетілдіру, кінәлілерді жауапқа тарту, зардап шеккендерге көмек көрсету бағытында құқық қорғау органдары қызметкерлерін оқыту қажет екенін айрықша атап өтті.