Электр көліктеріне шекара ашық

Еуразиялық экономикалық одақ сырттан келетін электрмобильдерді тағы 2 жылға баж салығынан босатты.

Мәскеуде өткен жиында Еуразия экономикалық комиссия осындай шешім қабылдады. Электр көліктеріне деген сұранысты осылай арттыру көзделіп отыр. Жиында бірыңғай кедендік транзит жүйесі, одақтың ішкі нарығында шектеулерді азайту, көлік құралдарының электрондық төлқұжат жүйесін жетілдіру жайы да талқыланды. Кездесуден кейін жиынға келгендер Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі Қазақстан павильонын барып көрді.

Алексей Оверчук, Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының орынбасары:

- Біз әріптестерімізге электрмобиль өндірісі саласында пайда болып жатқан мүмкіндіктерді көрсеткіміз келді. Көп ұзамай осындай көлік түрлеріне сұранысты өз өндірісіміздің есебінен толықтай өтейтін боламыз деп сенемін. Қазақстанда да бұл сала дамып жатыр. Сондықтан 2 жылдан соң шетелден әкелінетін электрмобильдер үшін алымды қайта қараудың қажеті де болмайтын шығар.