Испанияда күн қатты жылып кетті
Испанияда қараша айында күн қатты жылып, жүзім қайта жапырақ жайды.
Биыл бұл елде аптап ыстық белең алып, жүз жыл болмаған қуаңшылық орын алды. Осының салдарынан жиырмадан астам елді мекенде суды пайдалануға шектеу енгізілді.
Жуан Роджик 2020 жылдан бері жүзім егеді. Аумағы 2 гектар жүзім бауынан жыл сайын мол өнім алып отырғандығын айтады. Бірақ биылғы жағдай басқа. Су тапшылығына байланысты жарты гектар жерге ғана жүзім еккен. Оның өзінде, қарашада күн ысып, алқаптағы өнім сабағы қайта жапырақ жайған. Бұл құбылыс жүзім шаруашылығы үшін зор шығын,- дейді шаруа.
Жуан Роджик, жүзім шаруашылығының басшысы:
- Биыл бізде “жалған көктемнің” әсері деген ұғым пайда болды. Яғни қарашада күн қатты ысып кетіп, жүзім көктем келді деп алданып, қайтадан жапырақ жайды. Әдетте бұл айда біз керісінше жүзімнің сарғайған жапырағын кесетін едік. Енді не болары белгісіз.
Қуаңшылықтың зардабын бір ғана Жуан емес, аймақтағы шаруалардың бәрі тартып отыр. Испаниядағы ірі шарап өндіруші компания басшысы Хуан Тетас та судың жоқтығынан тығырыққа тіреліп, өндіріс көлемін биыл 30 процентке азайтқан.
Хуан Тетас, жүзім шаруашылығының басшысы:
- Жаңбыр аз болды. Соның салдарынан өнім аз. Сапасы да көңіл көншітпейді. Жергілікті биліктен су мәселесін шешуді сұрадық. Десе де, су қорының қатты азайғанын өзіміз де көріп отырмыз.
Кейінгі үш жылда Испания бойынша 5 миллион гектардан астам жердегі егін қуаңшылықтан толық жойылып кеткен. Ал тоғандардағы су деңгейі тым төмен.
Анхелес Армас, Вилафранка-дель-Пенедес мэриясының қызметкері:
- Көріп тұрсыздар, үш жыл бұрын мына көл анау көпірге дейін жететін. қуаңшылық салдарынан қала маңындағы өзен-көлдер осылай тартылып қалды. Жергілікті мэрия оларды сақтап қалу үшін жаңа бөгет салып, жағажай құмын жаңалады, алайда жағдай оңалған жоқ.
Құрғақшылыққа байланысты жергілікті билік Каталония аймағындағы жиырмадан астам елді мекенінде суға қатысты шектеу енгізді. Ысырапшылдыққа жол бермеу үшін тұрмыстық және коммерциялық мақсатта тіршілік нәрін тұтыну қатаң бақыланады. Бүгінде бір тұрғын 317 литр су тұтынады. Жаңа ережеге сәйкес бұл көрсеткіш 210 литрге дейін төмендейді.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач