Израиль 39 палестиналық тұтқынды босатты
Босағандардың алтауы әйел, 33-і бала.
Олар Батыс жағалауына жеткізілді. Палестиндер бауырларын қол шапалақтап, қуанышпен қарсы алды. Ал ХАМАС тарапы 13 тұтқынды еліне қайтарды. Олардың арасында 4-еуі Таиланд азаматы. Босатылғандар Израильдегі Шиба медициналық орталығына бүгін таңертең жеткізілді. Жалпы бұл кепілден шығарылған тұтқындардың екінші легі. Бір тәулік бұрын Израиль 39 палестиналықты, ал ХАМАС 13 тұтқынды босатқан еді. Уақытша төрт күндік бітім 24 қараша жергілікті уақыт бойынша таңғы 07:00-де басталды. Келісім бойынша, 4 күн ішінде Израиль 150, ал ХАМАС 50 адамды босатуға тиіс. Бұдан бөлек осы кезде Газа секторына гуманитарлық көмек, дәрі-дәрмек, жанармай жеткізіледі. Қақтығыс басталғалы бері жалпы 14 мыңнан астам палестиналық пен 1,5 мың Израиль тұрғыны опат болған.