Бұхарада «Мір-Араб» медресесінің 500 жылдығы атап өтілді
Бұхарада әйгілі «Мір-Араб» медресесінің 500 жылдығы атап өтілді. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Мысыр, Тәжікстан және Кавказ мұсылмандары діни басқармасының жетекшілері жиналды.
Еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған делегация "Ежелгі Бұхараның Ислам өркениетіндегі орны" атты халықаралық конференция жұмысына қатысып, пікір алмасты.
Әйгілі «Мір-Араб» қазақ үшін жат емес. Іргесі 16 ғасырда қаланған медресе діни орталық болғанымен, ежелгі шағатай, түркі және парсы тілдерін де тереңдетіп оқытқан. Мұнда білім алған қазақ ғұламаларының бірі - Тұрмағамбет Ізтілеуов. 14 жасында оқу орнының табалдырығын аттап, аталған тілдерді жетік меңгеріп қана қоймай, Әл-Фараби, Фирдауси, Науаидің шығармаларымен сусындайды. Кейін елге оралған соң шәкірт тәрбиелеп, шығыс дәстүріне сай поэма, жыр-дастандар жазады. Сонымен бірге, бұл медресені Қазақстан мұсылмандары басқармасына басшылық еткен бірқатар діни қайраткер тәмамдаған.
Комилжон Рахимов, тарих ғылымдарының докторы:
- 500 жылдық тарихқа ие медресеміз бар. Ол уақытында Гарвард, Оксфорд секілді ілім-ғылым орталығы болған. Көптеген зиялы тұлға осы жерден тәлім алып, халқына қызмет еткен. Көкілташ медресесі де саяхатшыларға қызықты болып тұр. Осыны сақтап, дүниеге көрсете алсақ, ұтарымыз көп. Зиярат апталығы осы мақсатты көздейді.
Халықаралық конференция "Бұхараның ислам өркениетіндегі орны" тақырыбы аясында өрбіді. Ежелгі мешіт-медреселерді сақтау, Орталық Азияға әлемнің түкпір-түкпірінен зиярат етушілерді тарту мәселелері қаузалды. Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан да назардан тыс қалған жоқ. Ондағы ислам өркениетіне тән ескерткіштерді Оңтүстік Шығыс Азия нарығына ұсыну жайы қаралды. Компаниялар ол үшін жаңа туристік бағыт ашуға дайын екенін жеткізді.
Фазал Бахардин, Сингапур туристік компаниясының жетекшісі:
- Сингапур, Малайзия, Индонезиядағы мұсылмандар көп жағдайда Қазақстанның мәдениеті, өркениеті мен тарихын біле бермейді. Біз осы бағытта көп зерттеп, ізденуіміз керек. Бір ғана Сингапур халқының 60 пайызы - мұсылман. Бұл - үлкен нарық. Бастысы олар Қазақстан, Өзбекстан секілді елдерге шоппиң жасауға бармайды. Өлкенің өткен-кеткен тарихымен танысып, ислам әлемі туралы көкжиегін кеңейткісі келеді.
Дегенмен зиярат туризмінің арнайы талаптары да бар. Қызмет көрсету орындары діни дәстүрге сай жасақталуы шарт. Өзбекстан бұл істі былтыр ғана қолға алды. Арнайы апталық ұйымдастырып, саладағы соны өзгерістерін көрсетіп жатыр.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Бұхара мен Самарқан қазір Оңтүстік Шығыс Азияда танымал туристік бағытқа айналып келеді. Көбі имам Әл-Бұхари және оның еңбектері арқылы Өзбекстанды тани бастаған. Сол секілді келешекте Түркістанның да ислам өркениетіне тән тарихи орын, құнды жәдігерлерін дүние жүзіне таныту мүмкіндігі бар. Бұдан елдің туризм саласына түсер пайда көп.
Авторы: Рауан Мыңбаев