Нью-Йоркте Ядролық қаруға тыйым салу мәселесі талқыланды
Ал Нью-Йоркте Ядролық қаруға тиым салу бойынша шартқа мүше елдердің екінші конференциясы басталды.
БҰҰ-ның бас штаб пәтерінде өтіп жатқан халықаралық іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысып баяндама жасады. Жиын аясында БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен кездесті. Ол Қазақстанның әлемдегі, әсіресе қазіргі геосаяси жағдайдағы маңызды рөлі мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиясын жоғары бағалады. Әрі еліміздің ядролық қарусыздану саласындағы көшбасшылығы мен бастамаларына тоқталып, жаһандық ұйымның бітімгершілік миссияларына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірген. Сыртқы істер министрі сондай ақ, Бас хатшының Қарусыздану жөніндегі орынбасары Изуми Накамицумен де жүздесіп, жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін нығайту және ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі бастамаларды талқылады. Оның ішіндеқазақ басшысының Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру жөніндегі ұсынысын іске асыру жайын тілге тиек еткен. Ал Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық ұйымның атқарушы директоры Мелиса Парк Қазақстанның ядролық қаруға тиым салу бойынша шартқа мүше елдердің үшінші конференциясына төрағалық етуін қолдап, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.