Австралия Үкіметі электронды темекіге тыйым салынды
Шылымнан келер қауіп көп. Статистика жаға ұстатарлық.
Жыл сайын әлемде темекіге әуес болған 8 миллионнан астам адам көз жұмады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, адам өліміне бірінші орында қан қысымының жоғарылауы себеп болса, екінші орында темекі тұр. Осыған байланысты әлемнің бірқатар елінде күрес шаралары басталды. Бұған қатысты арнайы жаңа заң жобасы да әзірленіп жатыр.
Австралия Үкіметі бір рет қолданатын электронды темекі импортына тыйым салды. Бұл заң келер жылдан бастап күшіне енеді. Алдын-ала әзірленген талаптарға сай, вейптер тек дәріханаларда "фармацевтикалық" қаптамада сатылуы тиіс. Сондай-ақ, оның құрамындағы никотин мөлшері азайтылады. Сондай-ақ, электронды темекі тасымалы да біржола шектеледі. Жалпы, Австралияда, шылымға әуестенгендер көп емес. Оның үстіне темекі бағасы шарықтап тұр. 30 еуро тұрады. Бұл басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай қымбат. Алайда, ел Үкіметі вейпинг, жасөспірімдер арасында "сәнге" айналып келе жатқанын айтып, мәселе күрделенбей тұрғанда, оны алдын алуды көздеп отыр.
Жасөспірімдердің 90% темекіге әуес
Ұлыбритания билігі де шылым шегуді азайтуға күш салып жатыр. Әсіресе жасөспірімдер арасында. Себебі, ресми дерекке сәйкес, британдық жеткіншектердің 90 пайызы электронды темекі тартады. Осыған байланысты, ел үкіметі темекі өнімдерінің сатылымын шектеуді қолға алмақ.
Темекісіз қоғам
Ал Франция Үкіметі қоғамдық орындарда, саябақтар мен жағажайларда, ормандарда және мектеп маңында шылым шегуге қатаң тыйым салады. Себебі, темекі салдарынан елде жыл сайын 75 мыңнан астам кісі өлімі тіркелген. Осыған байланысты Франция билігі темекі бағасын 13 еуроға қымбаттатпақ. Сәйкесінше, бір қорап темекіні қалтасы көтермейтіндердің, шылым шегуге деген тәуелділігі де бәсеңдейді. Ел Президенті Эмманюэль Макрон 2030 жылға қарай "Темекісіз - қоғам" құруға ниетті.
Шылым шегуге қарсы шаралар күшін жояды
Ал Жаңа Зеландияда керісінше. 15 жасар жеткіншектерге темекі шегуге өмір бойы тыйым салынған заң, өз күшін жояды. Ел үкіметі қазынаны толтыру үшін осындай қарар қабылдамақ. Елдің қаржы министрі Никола Уиллис мұны Республика бюджетін толықтыру үшін қажет екенін айтты. Себебі, шылым шегуге қарсы заңнама бюджетке айтарлықтай әсер етіп, шамамен 1 миллиард доллар кірістен айырған. Ал Денсаулық сақтау мамандары бұған наразы. Олар, шылым шегуді шектеу шаралары арқылы, жылына кем дегенде 5 мың адамның өмірін сақтап қалғанын алға тартады. Айтуларынша, соңғы он жылда шылым шегетін жаңа зеландиялықтардың саны екі есе азайып, былтыр 56 000 адам темекіні тастаған екен.
Авторлары: Фариза Жанғанаева, Жанна Хусаинова