Қазақстанда кадр жүйесі толық автоматтандырылады
Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар ұйымының халықаралық азаматтық қызмет жөніндегі комиссиясы мен Астана мемлекеттік қызмет хабының бірлескен семинары өтті.
Басқосу барысында еліміздің мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай халықаралық азаматтық қызмет жөніндегі комиссия төрағасы Ларби Джактамен кездесті.
Кездесуде мемлекеттік сектордағы кедергілерді жою, бюрократиядан біржолата арылту, *мемлекеттік қызметке іріктеуді цифрландыру*, кадрлық әлеуетті арттыру, адам ресурстарын басқарудың озық тәсілдері, жаңа мәдениеті мен тәжірибелерін қолданысқа енгізу мәселелері көтерілді. Халықаралық ұйым сарапшылары мемлекеттік басқарудың қазақстандық жаңа моделіне оң баға берді.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Біздің «e-Qyzmet» жүйеміз бар, соның сыртқы порталын ашып, онлайн жұмысқа қабылдау бойынша пилоттық жобаны аяқтап жатырмыз. Келесі жылдан бастап өндіріске енгіземіз. Қазақстандық өзіндік гибриттік яғни карьерлік, мансаптық бағытын да және де осы алға қойған позициялық бағытты да біріктіріп гибриттік өзіміздің моделімізді құрып жатырмыз.
Тараптар адам ресурстарын басқару саласын дамытудың әлемдік трендтері мен тиімді тетіктерін талқылап, меритократия қағидаттарын сақтаудың перспективаларына назар аударды.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Семинар қатысушыларын қызықтырған бұл «Президенттік жастар кадр резерві». Себебі барлығы әлемде қазір адами ресурстарға бағытталып, сол таланттарды іздеуде. Мақсатымыз жаңа кезеңдерді, жаңа тәсілдерді, жаңа методологиялық, әдістемелік нұсқамалардың барлығымен танысып, өзіміздің елімізде соны ары қарай жүйеге кіргізіп, дамыту.
Ларби Джакта, БҰҰ бас хатшысының орынбасары:
- Халықаралық азаматтық қызмет жөніндегі комиссия және Астана хаб, Қазақстан өкіметі, басқа елдердің өкілдерімен бірге, біз осы жерде бір-бірімізбен ең жақсы тәжірибелерімізбен бөлісіп, пайдалы жақтарын үлгі етуге жиналдық. Біз Қазақстанға осы семинарды ұйымдастыруға көмегі үшін алғысымызды білдіреміз.
Семинар аясында еліміздегі мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органдардың Астана мемлекеттік қызметінің резидент-елдері, атап айтқанда Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина мен Өзбекстанның мемлекеттік басқару комитеті өкілдерімен екіжақты кездесулер жоспарланып отыр.
Авторы: Айжан Сыдықова