Парижде «Кино мұрасы» фестивалінің тұсаукесері өтті
Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде «Кино мұрасы» фестивалінің тұсаукесері өтті.
Халықаралық шара саладағы жас таланттарды насихаттап, кино өнерінің ұлттық дәстүрін дәріптеуге бағытталған. Әлемдік кино майталмандарынан жасақталған фестивальдің қазылар алқасы 500-ге жуық фильмді саРаптап, 10 финалисті таңдады. Қазақстандық режиссер Ардақ Әмірқұловтың «Желді тоқтатқан өлке» еңбегі, негізгі бағдарлама тізіміне енді. Шара барысында ұйымдастырушылар классикалық француз киносымен қатар әлем елдеріндегі кинотуындылардың алтын қоры жайлы сөз етті. Қазақтың әйгілі «Қыз-Жібегі»де назардан тыс қалмады. Ал Қытайдың білікті режиссері Чжанг Йиму әлем киносындағы жетістігі үшін фестиваль сыйлығына ие болды. Жақын күндері шараға қатысушылардың 20-ға жуық туындысы Париж кинотеатрларында көрсетіледі.
Кеопраситх Суваннабонг, "Кино мұрасы" фестивалі қазылар алқасының мүшесі:
- Кино өнері – елі мен ұлтына қарамастан адамзатты байланыстырушы маңызды құндылық. Ол адамның бір-бірін сөзсіз ұғынуға үндейді. Сол себепті бұл фестиваль киносүйер қауымның өзара қарым-қатынас орнатып, осы өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруға итермелейді.
Мерьем Узерли, әртіс:
- ЮНЕСКО және кинофестиваль платформасы әлем халықтарының достастығы мен олардың мәдениетін насихаттауға бағытталған шара. Мұндай фестивальдер жиі ұйымдастырылып тұрса құба-құп.
Жайдарбек Күнғожинов, "Nomad Stunts" халықаралық каскадерлер тобының жетекшісі:
- Қазір өте көп кино түсіреді. Мысалы, қарап отырсаңыздар, көптеген фестивальдерде шетелде біздің кинолар өте мықты жүріп жатыр. Жылдан жылға өніп жатыр. Жақсы режиссерлар келді.