Қатерлі дертпен күрес
Бүгін Дүниежүзілік жүре пайда болған иммунитет тапшылығының синдромына қарсы күрес күні.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, қатерлі дерттен әр минут сайын мыңдаған адам көз жұмады. Ғасыр дертіне айналған бұл ауруды әлем бойынша 39 миллион адам жұқтырған екен. Халықаралық ұйымдар осыған алаңдаулы. Олар дерттің алдын алу үшін күшейтілген бірқатар іс-шара ұсынып отыр.
ЖИТС-пен күрес акциялары әлемде жыл сайын, түрлі ұранмен өткізіліп келеді. Биылғысы "көшбасшы қоғам". Яғни тұтас қоғам боп, дертпен күрес шараларын жүргізу. Бұл туралы ЮНЭЙДС-тің жаңа баяндамасында көрсетілген. Ұйымның індетке қарсы жаһандық стратегиясына "үш 95" бағдарламасы енгізілген. Оның мақсаты халықтың 95 пайызы, яғни әр адам өзінің вирус жұқтырғанын уақытында біліп, ем-шараларды дер кезінде қабылдауына жағдай жасау. Себебі көп жағдайда індет, адамдардың өзінің науқас екенін кеш білгенінен таралады дейді, мамандар.
Африкада дерт өршіп тұр
ЖИТС дерті әлем бойынша Африканың кедей аймақтарында өршіп тұр. Дерттен биылдың өзінде 40мыңға жуық адам көз жұмған. басым бөлігі әйелдер. Бұған, халықтың нашар тұрмысы мен дерттен мүлдем хабарсыз болуы себеп дейді мамандар. Тұрғындардың гигиеналық нормаларды сақтамауы да аурудың таралуына түрткі болады екен. Қара құрлықтан бөлек, қатерлі дерт, АҚШ, Еуропа, Орталық Азияда да тіркеліп жатыр. Көршілес Ресейдің өзі бұл көрсеткіш бойынша әлемде 5-ші орында тұр.
Қаржыландыруды ұлғайту қажет
Біріккен ұлттар ұйымы 2030-жылға қарай дерттің таралуын тоқтатуды басты міндет деп санайды. Ол үшін тұрмысы төмен, кедей елдерде қаржыландыруды ұлғайту қажет дейді. Сондай-ақ, халық арасында дерттің қаупі жөнінде түсіндіру шараларын жүргізуге ерекше назар аудару керек екенін алға тартады.