Астана мен Лондон - сенімді серіктестер

Тұманды Альбион Парламентінде Қазақстан мен Ұлыбританияның екі жақты қарым-қатынасын нығайту мәселелері талқыланып, жыл қорытындылары жария етілді.

Қазақстандық тарап еліміздегі саяси реформалар, демократизациялау үдерістері туралы баяндады. Британиялықтар екі елдің игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыс нәтижелерімен бөлісті.

Соңғы 30 жылда екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік нығая түсті. 2023 жылдың өзінде жоғары деңгейдегі іссапарлар көп болды. Астанаға Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі, Бизнес және сауда істері жөніндегі мемлекеттік министрі, Қорғаныс министрінің орынбасары мен Британ парламентінің өкілдері келді. Лондонға Мәжіліс төрағасы барып, Қазақстанның атынан ІІІ Чарльздің таққа отыру салтанатты шарасына қатысты. Еліміздің бірқатар министрі мен жоғары лауазымды тұлғалары да Тұманды Альбионға ат терлетті.

Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:

- Британдықтардың елімізге деген қызығушылығы ерекше. Тығыз қарым-қатынас орнатуға ниеті бар. Бүгінгі дөңгелек үстелге қатысушылар да бізді алда жарқын әрі нәтижелі істер күтіп тұр деген ортақ пайымға келді.

Шараға Ұлыбритания Парламентінің депутаттары, саясаткерлер, ғылыми орта мен бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысып, Қазақстанның геосаяси жағдайының маңыздылығына тоқталды. Алыс-жақын мемлекеттермен қарым-қатынас орнатқанда ұлттық мүдделерге басымдық берген еліміздің сыртқы саясатына жоғары баға берді.

Дэвид Ричардс, Ұлыбритания қорғаныс штабының бұрынғы басшысы:

- Геосаяси ынтымақтастығымызды арттырып, байланысымызды нығайту мақсатында жедел әрекет етуіміз керек. Қос мемлекеттің де болашағын жарқын ете түсу үшін бұл істі бөлек-бөлек емес, біріге отырып атқарсақ талай шыңды бағындырарымыз сөзсіз.

Пол Скалли, Ұлыбритания Парламентінің мүшесі:

- Бірлесе атқаратын жұмыс көп. Минералдық ресурстар, жартылай өткізгіш батарея технологиясы және басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастығымыз кеңейе түспек. Сонымен қатар білім беру саласында да қоян-қолтық жұмыс істейміз. Мамандардың біліктілігін арттыру үшін тәжірбие алмасуымыз маңызды.

Бүгінде Қазақстан - білім беру ғана емес, энергетика, пайдалы қазбалар, климаттың өзгеруі, қорғаныс пен қауіпсіздік сынды бірқатар маңызды мәселелер бойынша Ұлыбританияның Орталық Азиядағы маңызды экономикалық серіктесі. Сауда-саттық қарым-қатынасы қарқынды дамып, оның көлемі жылына 3 млрд стерлинг фунтына жуықтап отыр. Бұдан бөлек, Ұлыбритания еліміздегі ірі инвесторлардың үздік жетілігіне кіреді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы