Қазақстандық реформалар – басты назарда
Президент Эммануэль Макронның Астанаға сапарынан кейін, біздің елге әлеуетті инвесторлардың қызығушылығы артқан.
Францияда саясат және бизнес өкілдеріне Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар таныстырылды. Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Гүлсара Арыстанқұлова инвесторлар мен кәсіп иелеріне жаңа экономикалық модель мен әлеуметтік кепілдіктер жайлы ақпарат берді. Франция - біздің ел үшін стратегиялық серіктес әрі басты инвестордың бірі. Ірі халықаралық компаниялар ғана емес, сонымен қатар шағын кәсіпорындар саяси және экономикалық серіктестік мүмкіндіктерін зерттеп жатыр.
Ксавье Сан-Мартен-Тилле, "Orano Mining" компаниясының бас атқарушы директоры:
- Қазақстан қарқынды дамып жатыр. Президент Тоқаевтың бастамасымен басқару жүйесіндегі өзгерістерді, жаңаруды көріп отырмыз. Яғни, бұл батыс стандарттары тұрғысынан – демократияның көрінісі. Экономикалық реформалар өз жемісін беретіні сөзсіз. Франция кәсіпорындары бұл ретте ынтымақтастықты дамыта бермек.
Паскаль Лоро, Шуазель институтының президенті:
- Реформалар қоғам өмірінің маңызды аспектілері – экономика, саясат, әлеуметтік саланы қамтыған. Мұндай жобалардың үйлесімді іске асырылуы бізге өз қызметімізді жоспарлауға және екі тарап үшін тиімді даму құралдарын іздеуге мүмкіндік береді.
Жан-Бернар Груби, "OXXO"компаниясының жетекшісі:
- Келесі жылы біз Алматыда өз компаниямыздың бюросын ашамыз. Сондықтан, Қазақстандағы әкімшілік, қаржылық тәртіпті түсініп алу маңызды. Сондай-ақ, банк кепілдіктері және әкімшілік реттеу туралы білу үшін келдік. Біздің әр сауалға түсінікті жауап беріп отырған елшілік командасына алғыс айтамыз. Ең бастысы, шағын және орта бизнес атынан өкілдік ету үшін екеуара сенім мықты.