Новосібір облысымен экономикалық ынтымақтастық артады
Осы желтоқсан айынан бастап Астана мен Өскеменнен Ресейдің Новосібір қаласына әуе рейсі қайта ұша бастауы мүмкін.
Оған QazaqAir компаниясы жауапты болмақ. Әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаевтың Новосібір облысына жұмыс сапары кезінде талқыланды. Сонымен қатар тараптар мәдени-гуманитарлық, білім беру және экономика салаларында екіжақты ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне тоқталған.
Дана Нұржан, тілші:
- Новосібір - халық саны бойынша Мәскеу мен Санкт-Петербургтен кейін Ресейдің үшінші үлкен қаласы. Тоғыз жолдың торабында орналасқан мегаполис — Батыс Сібір қақпасы. Сауда-экономикалық ынтымақтастық және Ресей мен Қазақстан арасындағы көлік дәлізін жетілдіру жұмыстары Новосібірдегі екіжақты кездесулерде талқыланды.
Қазақстан облыстары мен Новосібір арасындағы тауар айналымы былтыр 20 пайызға өсіп, 1 млрд доллардан асты. Биылғы жылдың соңғы тоғыз айында алыс-беріс тағы 17 жарым пайызға артқан. Ал Қазақстаннан экспорт 57 пайызға өсті.
Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі елшісі:
- Екіжақты қарым-қатынастарды көп талқыладық. Маңыздысы — транспорт, логистика, өнеркәсіп, туризм саласындагы қарым-қатынасты кеңейту. Одан баска Новосібірде Қазақстанның бес мыңға жуық студенті оқиды. Олардың да жағдайын қарастырдық.
Абаев Новосібір қаласының мэрімен кездесіп, екіжақты іскерлік, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру жайын талқылады. Осы айдан бастап Астана мен Өскеменнен Новосібірге тұрақты жолаушылар рейсі қайта іске қосылуы мүмкін.
Анатолий Локоть, Новосібір қаласының мэрі:
- Үлкен жоспарларымыз бар. Бизнесті дамытуға байланысты біз бірінші кезекте көлік бағыттарын қалпына келтіруіміз керек. Бұл өте маңызды мәселе. Біз Новосібірден Астанаға қатынайтын әуе рейстерін қалпына келтіреміз. Бұл тиімді бағыт. Өйткені Новосібір - бүкіл Сібірмен жалғайтын авиациялық орталық.
Мұндай кездесу Ресей Ғылым академиясының Сібір филиалы төрағасымен де өтті. Онда тараптар Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясымен ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқылады. Ресми мәлімет бойынша, Новосібірде 8 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Отандастарымызға қатысты Қазақстан мен Ресей арасында бірлескен гуманитарлық жобаларды жүзеге асыру барысы да ортаға салынды.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров