Трамптан өтемақы талап етілуі мүмкін
АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамптың басы әлі де дау-дамайдан арылар емес.
Бұл жолы Трамп екі жыл бұрын Капитолийге шабуыл жасаған бұзақылардың әрекеттері үшін азаматтық жауапкершілікке тартылып, сондай-ақ Трамптан қаржылай өтемақы талап ететін сот процестері басталуы мүмкін.
Айжан Сыдықова, тілші:
- 2021 жылы 6 қаңтарда Капитолийді күзеткен екі полиция қызметкері мен оншақты демократ конгрессмен Дональд Трампты сотқа берген болатын. Олардың ойынша, экс-президент сайлаудағы жеңілгенін мойындамай, жақтастарын Капитолийге қарсы күреске шақырып, ондағы азаматтардың өміріне қауіп төндірген. Трамптың бұл әрекетіне қатысты сот шешімі ресми тұлғалардың өз міндеттерін орындауына кедергі келтіруге, күш қолдануға және қорқытуға тыйым салатын бір жарым ғасырлық заңға негізделген. Талап-арыз бергендер Дональд Трамп Джо Байденнің сайлаудағы жеңісін растауға жол бермеуі арқылы тікелей осы заңды бұзған деп отыр. Бұған дейін Трамптың адвокаттары оның қызметтік міндеттерін орындау кезінде берілген президенттік иммунитетін алға тартып келген еді. Жұма күні Колумбия округінің федералды аппеляциялық соты Трамптың Капитолийдегі жағдайға қатысты сот процестеріне еш иммунитеті жоқ деп шешті. Бас судья Шри Шринивасанның айтуынша - Бірінші мерзімге сайланған президент қайта сайлануға ұмтылғанда, оның сайлауалды қадамдары президенттіктің ресми әрекетіне жатпайды. Президент лауазымы институт секілді, яғни кезекті лауазым иесінің кім боларына бейтарап көзқарасты ұстанады.
Десек те аппеляциялық сот бұл тек алдын ала шешім екенін түсіндіруде. Ал Трамптың тарапы әлі де ақталуға талпынып, шешімге шағымдануы мүмкін. Өйткені Трамптың сайлауалды штабының өкілі Стивен Чунг апелляциялық соттың шешімін «тым шектеулі, аясы тар» деп бағалап, Капитолий ісінің шешіміне көңілі толмайтынын ашық айтып отыр.