Лондонда шетелдіктер қазақ тілін үйреніп жатыр

Сондай-ақ олардың ұлттық дәстүрімізге деген қызығушылығы да ерекше.

Лондондағы шетелдік дипломаттардың жұбайлары Қазақстан елшілігіне жиналды. Исландия, Катар, Пәкістан, Малайзия және басқа да мемлекет өкілдері ұлы Абайдың тілін үйренгісі келеді. Лексикалық қоры 2 жарым миллион сөзден асатын қазақ тілін бір мезетте меңгеру мүмкін емес екендігін жақсы білетін үйренушілер әлқиссаны амандық-саулықтан бастады.

Сара Наим, Пәкістанның Ұлыбританиядағы елшісінің жұбайы:

- Бүгін кейбір қазақ сөздерін үйрендім. Сәлемдесуден бөлек мұғалімнен қазақтың ұлттық тағамдары қалай аталатынын білдім.

Мұғалімнің есімі - Кәусар Ғалымжанқызы. Жасы 11-де. Қаршадай қыз ата-анасының қызмет бабымен Лондонда уақытша тұрып жатыр. Оқудан қолы қалт еткенде шетелдіктерге қазақ тілін үйретеді. Үстінде ұлттық киім, басында сәукеле, қос бұрымының түбінде шашбау. Сабақтарын әнмен әрлеп, бимен көркемдейді. 

Бұдан бөлек шетелдіктерге қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі шай ішу рәсімі көрсетілді. Келін образындағы елшілік қызметкері шай демдеуден бастап, қандай көлемде құю керектігін тәптіштеп түсіндірді. Дастарханда ұлттық тағамның түр-түрі тұр. Құрт, ірімшік, тары, жентті бұрын-соңды жеп көрмеген қонақтар дән риза.

Нор Айни Абдул Рахман, Малайзияның жоғары комиссарының жұбайы:

- Шай құю рәсімі өте қызық өтті. Мен үшін бұл үлкен жаңалық. Мәдениеттеріңіз өте бай екен. Бүгін шағын бір бөлігі ғана көрсетілді деп ойлаймын.

Рая Әлхалифа, Катардың Ұлыбританиядағы елшісінің жұбайы:

- Ұлттық құндылықтарыңыз туралы біліп, рухани сусындадық. Абысындардың татулығы, жаңа түскен келіннің алғаш шай беруі - бәр біз үшін қызық болды. Шай құйғанда кеселерді шатастырып алмау да үлкен өнер деп түсінемін.

Қазақ әйелдерінің отбасында ғана емес, қоғамдағы рөлі туралы да кеңінен айтылды. Мемлекет гендерлік теңдікті сақтауға, әйелдер құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын нығайтуға әрдайым баса мән береді, деді ұйымдастырушылар.

Ақмарал Айдарбекова, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісінің жұбайы:

- Қазіргі қазақ әйелінің бейнесі өз ошағының берекесін келтіріп, жолдасын сүйіп, балаларын тәрбиелеумен қатар белгілі бір салада жұмыс атқарып, қоғамына пайда әкелетін тұлға ретінде көрінеді. Біз сол туралы айтқымыз келді.

Іс-шараға елшіліктегі жаны нәзік қызметкерлердің мұрындық болған. Дастархан да жайған, концертті де ұйымдастырған өздері. Мұнымен қоймай, музыкалық аспаптарда ойнап, әуелете ән салып, мың бұрала би де билеп берді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы