АҚШ-тағы коммуналдық қызмет қымбат

Америкалықтардың көбі жалақының біраз бөлігін үй жалдау, ипотека, азық-түлік, дәрігерге қаралу және коммуналдық қызмет шығындарына жұмсайды.

Әсіресе газ, электр қуаты, су және кәріз төлемдеріне қыруар ақша кетеді.

Меруерт Жұмағұлова отбасымен 3 жылдан бері АҚШ-та тұрады. Отбасылық бюджетті жоспарлаған кезде ол коммуналдық қызмет шығынын ай сайын жазып отырады. Америкада жылыту жүйесі көп жағдайда орталықтандырылмаған. Көптеген үйдің дербес жылыту жүйесі бар. Яғни қожайын үйдегі температураны өзі реттеп, қажетінше қосып, өшіре алады. Бұл жүйе қыста жылы, ал жазда салқын ауа үрлейді. Меруерт «бала-шаға болғандықтан, жылуды көп үнемдей алмаймыз», - дейді. Ал жазғы ыстықта желдеткішті пайдалануға мәжбүр. Осылайша шығын еселеп артады.

Меруерт Жұмағұлова, тұрғын:
- Коммуналдық қызмет шығындары орташа есеппен айына екі жүз доллар шығады. Оның ішіне су, газ, жарық, қоқыс шығару кіреді. Әсіресе қыс мезгілінде өсіп, кішкене қымбаттырақ шығады. Орташа есеппен айына екі жүз, үш жүз доллар болып шығады.

Бұған интернет, теледидар және мобильді байланыс қызметін қосыңыз. Сонда ай сайынғы шығын екі жүз доллар артады. Тұрғын үй кешенінің сапа деңгейі жоғары болған сайын пәтер иелері серіктестігінің міндетті төлемі көбейеді.

- Вирджиния, Вашингтон, Александрия, Фэйрфакс және Лаудон аудандарында тұру өте қымбатқа түседі. Бүкіл нәрсенің бағасы жоғары.

- Менің ойымша өткен жылмен салыстырғанда коммуналдық шығын көлемі өскен. Инфляцияның кесірінен қазір бәрі удай.

Коммуналдық шығын штатқа, үй немесе пәтерде тұрғанына, бөлме санына, климатқа, адам санына, қолданатын электрон құрылғыларға байланысты өзгереді. Мысалы, ай сайынғы коммуналдық төлем Гавайи мен Аляскада ең жоғары, ал Юта мен Нью-Мексикода ең төмен деп саналады екен.

Айжан Сыдықова, тілші:
- Инфляцияның жоғарылауы 2020 жылдан бері коммуналдық шығынның артуына әсер ете бастады. Қымбатшылық қос өкпеден қысып тұр. Мәселен, америкалықтар былтыр электр энергиясына 2021 жылмен салыстырғанда 14,3 пайыз артық төлеген. Forbes-тің мәліметінше, АҚШ-тағы бір отбасы коммуналдық төлемге айына орта есеппен 430 доллар жұмсайды. Тұтынушы шығынын зерттеген Еңбек статистикасы бюросы америкалықтар жылына 5,152 долларды коммуналды қызметке төлейтінін алға тартады. Бұл бір отбасының жылдық табысының 10 пайызы.

Авторы: Айжан Сыдықова