Француз кәсіпкерлері Қазақстаннан жылқы етін импорттауға ниетті
Бұл туралы Парижде өткен екі елдің Іскерлік кеңесі отырысында айтылды.
Франция президенті Эмманюэль Макронның Астанаға сапары екі ел арасындағы іскерлік байланысқа тың серпін берді. Француз бизнесмендері еліміздегі инвестициялық климатты оң бағалап, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
Адриен Карли, «Grand Caractere» компаниясының президенті:
- Біз Қазақстаннан жылқы етінен дайындалған өнімдерді импорттауды көздеп отырмыз. Президент Макронның Астанаға сапары кезінде ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық бойынша дөңгелек үстелге қатыстық. Министрлеріңізге осы жобаны ұсындық. Ол қолдау білдірді. Қазір Еуропа елдері жылқы етінің 40 пайызын шетелден тасымалдайды. Оның көбі Оңтүстік Америкадан импортталады. Сондықтан Қазақстан өнімдері де Еуропада жақсы сұранысқа ие боларына сенімдіміз.
Франсуа Ляфоре, «Veolia» компаниясының Орталық Азия бойынша жоба директоры:
- Біздің компания қоршаған ортаны қалпына келтіру, су ресурстары және жылумен жабдықтауды басқару мен пайдаланылған суды тазартып, қолданумен айналысады. Мемлекет басшыларының кездесуінен кейін осы салада түрлі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туып отыр. Ең алдымен Астана мен Алматы қалаларындағы су және жылумен қамту желілерін жетілдіру бойынша серікітестікті дамытпақ ойдамыз.
Екі ел арасында іскерлік кеңес көп жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Бүгін ұйымның бұрынғы басшысы Ив-Луи Деррикарера 2-ші дәрежелі Достық орденімен марапатталды. Жаңа команда экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға ниетті.
Ги Сидос, Қазақстан-Француз іскерлік кеңесінің тең төрағасы:
- Бүгінгі Іскерлік кеңеске өте көп компания қатысты. Бұл француз бірлестіктерінің Қазақстанда жұмыс істеуге деген құлшынысын көрсетеді. Бұл өте жақсы белгі деп білемін.
Қазақстан - Францияның Орталық Азиядағы басты экономикалық серіктесі. Бесінші республика тәуелсіздігімізді жариялағаннан бері еліміздің ірі инвесторына айналды. Франция Қазақстан экономикасына 19 миллиард доллар салды. Ендігі міндет жаңа инвестицияларды басым салаларға бағыттау.
Гүлсара Арыстанқұлова, Қазақстанның Франциядағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Бүгін біз француз кәсіпорындарымен бірлесіп екіжақты ынтымақтастықтың жаңа салаларда дамыту туралы сөйлестік, талқыладық. Әрине, ауыл шаруашылығы, денсаулық саласы, жаңа энергетика тақырыбына өте қызығушылық бар. Біраз сол тақырып бойынша енді жұмысты қолға аламыз. Француз тарапының енді Қазақстанның экономикасына қызығушылығы және сенімі де мол.
Қазір Қазақстан өндірістік саладан бөлек банк секторында да ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Қазақ және француз тілдерін білетін түрлі сала мамандарын дайындауға ниетті. Екі ел басшыларының кездесуінде осындай келісімдерге қол жеткізілді.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан